|
09.07.2018 | 18:51
2591

Қайырымдылық шарасы: қамкөңіл бүлдіршіндерге домбыра сыйға тартылды

Қайырымдылық шарасы: қамкөңіл бүлдіршіндерге домбыра сыйға тартылды

Астана күні қарсаңында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне домбыра тарту етілді. Алматыда өткен қайырымдылық шарасында қолдарына домыра алған өзге ұлттың балалары күйден шашу шашты. Бойында туа бітті кемістігі бар бүлдіршіндерге де қазақтың ұлттық аспабын сыйлады. Жаны жабырқаңқы жандар телефон, теледидармен емес, қоңыр домбырамен сырласса әлдеқайда пайдалы болмақ дейді ұлттық аспапты насихаттаушылар.   

Қоңыр домбыраға қолы жетпей жүрген баланың бірі Артем. «Өзіммен бірге тәрбиеленіп жатқан құрдасым күй тартып, күмбірлеткенде қызығушы едім, енді өзімде де домбыра бар», –  деп қуанышымен бөлісті 9-шы сыныпқа көшкен қаршадай бала. 

«Қазақтың ұлттық аспаптарын көріп, көрме өте жақсы өтіп жатыр. Бізге домбыра сыйлағаны маған өте ұнады. Соған өте қуаныштымыз», – дейді №1 Алматы облыстық балалар үйінің тәрбиеленушісі Артем ОСМАНОВ. 

Рухани жаңғыру жобасы аясында балалар үйіндегі бүлдіршіндерді жинаған бастамашыл топ  алғашқы 30 балаға домбыра сыйлауды жөн санаған. Қазақ арман-тілегі, қайғы-мұңы мен қуанышын қос ішекке сыйдырған, қолына қоңыр домыра алса баланың арманы асқақ, ойы ұшқыр болады дейді балалар үйінің басшылары. 

«Қазақ домбырасының қандай екенін, алатын орны қандай екенін білдіріп, сезіндіріп, ұлттық тәрбиені бойына сіңіру болып табылады. Осы мақсаттарымыздың бірі. Бойында ауытқушылығы бар балалар ғой. Бірақ біз соған қарамастан күйді үйрендік бір жылдың ішінде. Үш күйді толық меңгеріп шықтық», – деді «Жанұя» балалар үйі директорының орынбасары Жазира ШӘПИЕВА.       

Ұлтымызды ұлықтайтын аспапты қолға алған бүлдіршіндер  "Ерке сылқымды" еркін, "Балбырауынды" бабына келтіріп орындай алмаса да, қатарласа қалып, білген күйлерін күмбірлете жөнелді. Қайырымдылық шарасы аясында өткен көрмеге  №1 Алматы облыстық балалар үйі мен «Жанұя» ұйымының 30 тәрбиеленушісі қазақтың ұлттық аспабына ие болды.

«Өзіміздің байлығымыз, қазынамыз, халықтың арман-тілегі, көңіл күйі осы домбыра арқылы бейнеленіп отырады. Біз Елбасымыздың осы бір күнді домбыра күні етіп белгілегеніне қатты қуандық. 25 түрлі модельмен домбыра халыққа таратылады», – деді қайырымдылық шарасын ұйымдастырушы Салтанат ӨМІРӘЛІ.

Мереке күні қарсаңында қолға алынған шара барысында ұлттық бұйымдардың да көрмесі ұйымдастырылып, шеберлердің ағаштан, сүйектен, асықтан, теріден жасаған заттары қойылды. Көнеден келе жатқан бұйымдарды қазіргі заманға қалай бейімдеп, қолдануға болатыны да таныстырылды. Ұлттық өнерді насихаттаушылар, домбыраға қызығушылығы бар бала болса әліде тегін таратуға дайынбыз деп отыр.

Әмірболат Құсайынұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы  


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир