«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықты» жоғары оқу орындары талқылады

04.06.2018 17:19

"100 жаңа оқулық" арнайы жобасының жүзеге асырылуы Университеттер Альянсында талқыға түсті. U38 алаңында Жоғары оқу орындарының жетекшілері, мұғалімдер мен студенттер өз пікірлерімен бөлісті. Әлемдік деңгейдегі авторлардың 18 кітабы қазақ тіліне аударылып, қазір еліміздегі барлық оқу орындарына жеткізіліп қойған. Жыл аяғына дейін тағы отыз оқулық қазақшаға тәржімаланады.

«Қазақшаға аударылған 18 оқулықтың әр қайсысы бір мың данадан келді. Енді жаңа оқу жылынан бастап, оқу процесіне енгізіп, студенттердің олармен танысуына мүмкіндік бар. Аудару барысында осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан ұстаздар қатысты. Бұл пән оқулықтарының жоғары сапада аударылуына өзіндік септігін тигізді»,-деді экономика ғылымдарының кандидаты Гаухар ТАСПЕНОВА.

«Оқулықтардың дені Алматыда аударылып жатыр. Өйткені бізге қажетті ғалымдар, аудармашылар, редакторлар, баспагерлер осы қалада орналасқан. Оқулықтардың барлығы өткен аптада ғана Қазақстандағы 110 жоғары оқу орнының кітапханаларына жеткізілді. Оқу орындарының ұстаздары мен студенттері олардың мазмұнымен танысып жатыр»,-деді ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан КЕНЖЕХАНҰЛЫ.