Қазақстан үздік отыз елдің қатарына енудің сәл алдында тұр. Үкіметте министрлер кабинетінің басшысына еліміздің 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары таныстырылды. Жоба авторлары құжат үздік елдер қатарына кіруге өз септігін тигізеді дейді.
Елімізді үлкен реформалар мен өзгерістер күтіп тұр! Қазақстан дамыған отыз елдің қатарына кірер күннің де «ауылы» алыс емес. Осыған орай, үкіметте «2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары» деген атаумен арнайы құжатта тағайындалған. Ол барлық жақтан іске асқан «2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының» орнын басады. Бақытжан Сағынтаевқа Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов осылай деп есеп берді. Ол құжат бірінші кезекте Елбасының бастамалары, яғни «Қазақстан -2050» стртегиясы, «Ұлт Жоспары» мен «Рухани жаңғыру» бағдарламаларын орындауға ықпал ету керек дегенді алға тарты.
«Ұсынылған стратегиялық жоспардың жобасы Үшінші жаңғырудың міндеттерін шешудің кешенді жоспары болып табылады. Ол тек экономикалық жаңғыруға ғана емес, сонымен қатар институционалдық және әлеуметтік жаңғыруға қатысты мәселелерді қамтиды. Осы құжат Мемлекет басшысының стратегиялық бастамаларын іске асыруға бағытталған. Олар - 2050 Стратегиясы, Ұлт жоспары, Қоғамдық сананы жаңғыруы. Стратегиялық жоспар Қазақстанның 2025 жылға дейінгі кешенді даму мақсатын айқындайды»,-деді ҚР Ұлттық экономика министрі, Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Енді алдағы бірнеше жылда үкімет пен ел алдында жаңа масқат пен мүдделер тұрғаны сөзсіз. Біріншіден, жер-жерде азаматтар, кәсіпорындар мен салалар өнімділік пен сапаға баса назар аудару керек. Бизнестің де өсуіне ықпал ететін бәсекелестік мәселесі мен жеке сектордың да төңірегі қараусыз қалмайды. Министр мырза өңірлердің дамуына да көп нәрсе байланысты болады деді. Жалпы, құжатты жасау барысында 100-ден аса елдің тәжірибесі жинастырылып, жаһанданудың үш нұсқасы жасалған. Мамандар экономиканы да ұмытпаты. Өйткені, дәл осы сала дамыған отыз елдің қатарын кіруге ықпал етпек.
«Біз экономиканың сыртқы жағдайларға тәуелді болмай, нық өсуін қалаймыз. Оның адам өміріне де жақсы әсер еткені керек. Сондықтан, 30 дамыған елдің қатарына ену үшін маңызды деген ұлттық индикторларды анықтадық. Олардың жалпы саны 38 және де олар 13 салаға бөлінген»,-деді ҚР Ұлттық экономика министрі, Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
Отырыста жалпы ішкі өнімді халықтың жан басына шаққанда 46 000 долларға жеткізіп, еңбек өнімділігін жыл ішінде орташа есеппен 4,7 пайызға өсіру де сөз болды. Дамыған отыз елдің қатарына ену үшін әлемде мойындалған алты рейтинг қолданылатын болады. Олардың арасында Бүкіләлемдік экономикалық форумның жаһандағы бәсекелестік пен Біріккен Ұлттар ұйымының адам дамуы индекстері қарастырылған.
«Ұлттық индикаторлар жұмыс істеу үшін салалар мен өңірлерге арналған карта жасалады. Оның мәнісі - «Қазақстан -2050» стратегиясының жеті жүйелік өзгерістері мен жеті алға қойылған саяси жолдарының бірлесе іске асуы. Жеті де жеті формуласы Қазақстанды жан-жақты даму және жаһандану кезінде бәсекелістікке төзімді етеді»,-деді ҚР Ұлттық экономика министрі, Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ.
2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспары мемлекеттік бағдарламалар, ұлттық холдинг стратегиялары мен басқармалар арқылы іске аспақ. Министрдің айтуынша, аталмыш құжат аясындағы реформалар мен атқарылған жұмыстарды бақылауда ұстау үшін ведомства жанында мемлекеттік комиссия құрылатын болады.
Нұржан Сәдірбай, Олжас Мәден және Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы, Астанадан