Қазақстан ресми түрде еуропалық фармакопейлік комиссияның бақылаушысы болды

20.12.2016 15:19

Қазақстан ресми түрде еуропалық фармакопейлік комиссияның бақылаушысы болды. Бұл мәртебе дәрі-дәрмектің сапасын бақылау бағытында еуропалық тәжірибені шолуға мүмкіндік береді. Сәйкесінше, қауіпсіздік талаптарын халықаралық стандарттарға сай етуге мүмкіншілік туады. Ұлттық дәрі-дәрмекті сараптау орталығында отандық өндірушілер қаншалықты бәсекелесуге дайын екендігін және сарапшылардың не себепті фарм өнімінің бағасы түсетінін айтып берді. 


Дәрі мен медициналық өнімдердің дәріханадағы сөрелерге қойылар алдында жіті тексеруден өтіп, сан түрлі сараптама жасалатынын біреу білсе, біреу білмес. Бұл зертханаларда әрбір препаратты сапа мен тигізетін пайдасын тәптіштеп тексереді. Тіпті тәжірибе жасайтын арнайы жануарлар да бар. Зерттеуден импорттық, отандық өнімдер түгел өтеді. Мұнда сынақ жасау үшін 4 мыңға жуық сұраным келіп түседі. Оның 10-12 пайызы тексеруден өтпейді.


«Біз барлық өнімдерді сынақтан өткіземіз. Адам ағзасына зиян келтіруі мүмкін деген препараттарды жіті тексереміз. Сіздер көріп отырған машиналар медициналық өнімдердің сапасын сынауға мүмкіндік береді»,- Медициналық өнімдерді сынау зертханасының меңгерушісі, Олжас АХМЕТСАДЫҚ.


Мамандар қазақстандық өнім шет елден келетін дәрі-дәрмектен кем түспейді дейді. Енді еуропалық фармакопейлік комиссияның бақылаушысы болғаннан кейін сапа жақсара түспек. Жаңа мәртебе Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында белсенді бәсекелестікке мүмкіндік береді. Дәрілердің ортақ нарығы келесі жылы жүзеге асуы мүмкін. Одақ ішінде сауда жасауға ешқандай кедергі болмайды. Керісінше, өндірушілерге жеңілдік болып, медициналық өнімдер бағасы төмендеуі ықтимал.   


«Еуразиялық экономикалық одағының талаптарына сай сарапшылар тобы электронды тіркеу құжаттамасымен жұмысын бастап кетті. Оған қоса, бірыңғай техникалық документтердің тізімі жасалып, құжат тапсырушылар талапқа сай медециналық өнімдерді тіркеуде»,- деді Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы директорының орынбасары, Ақмарал ҚАБДЕНОВА.


Ұлттық зерттеу орталығында отандық ғалымдар ойлап шығарған препараттар да сынақтан өтеді. Осы уақытқа дейін 7 мың медициналық өнім тіркеуден сәтті өткен.


Әнуарбек Жәлел, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы