АрМИ-2018: Қазақстан тауға өрмелеу сайысынан 3-ші орын алды

30.07.2018 23:47

«АРМИ-2018» халықаралық армия ойындарында қазақстандық әскерилер тауға өрмелеу сайысынан үшінші орынды иемденді.

«Теріскөл» полигонындағы аталмыш жарыста 7 елдің жауынгерлері өзара сынға түсті. Жарыс барысында 1 мың 765 ұпай жинаған Ресей әскерилері алғашқы орынға жайғасса, 1 мың 387 ұпай көрсеткішімен қытайлық жауынгерлер екінші орынға ие болды. Ал 1 мың 308 ұпай жинаған отандық әскерилер үздік үштікке енді.

«Өткізілген оқу-жаттығуларға ешқандай ескерту болған жоқ. Бәрі өз орнында өтті. Жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайы өте жоғары. Бұйыртса, жақсы нәтижелер көрсетеміз», – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының тауға өрмелеу бойынша офицері Аманжол РАХМЕТОВ.