Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері парамен ұсталған шенеуніктердің тізімін жария етті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері парамен ұсталған шенеуніктердің тізімін жария етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркістан облысында аудан әкімі 200 мың теңге парамен ұсталды. Ол өз кінәсін бірден мойындаған. Қазір іс сотқа жолданған. Тағы бір шенеунік экономикалық қылмыс үшін Жамбыл облысында қолға түсті. Ол шаруа қожалығынан жер телімін мемлекетке қайтармаған үшін 50 мың доллар алған.

Түркістан облысы Ордабасы ауданы әкімінің үстінен жекеменшік компания басшысы жазған шағымды Мемлекеттік қызметтер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі зерттеген. Іс барысында компанияның ауданды көркейтуге бағытталған тендерді ұтқаны белгілі болған. Осы жұмыстарға арналған 2,1 миллион теңгені көрген әкімнің көзі жанып, ұйым шотына жіберілуге тиіс сомадан 200 мың теңге талап еткені анықталған.

«Бүгінде әкім өз кінәсін толығымен мойындады. Осыған байланысты барлық материалдар жеңілдетілген тергеу әдісі бойынша қаралды. Күдіктінің қоғамға қаупі жоқ екені ескерілді. Сол себепті оны қамауға алған жоқ. Іс он күннің ішінде аяқталып, сотқа жолданды», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан ЖАХИН.

Ақмола облысында да экономикалық қылмысы үшін шенеунік ұсталды. Екі жыл бұрын ол жер телімін мемлекетке қайтармай, жекенің қолына берген. Мемлекеттік қызметкердің осы қылмысы бюджетке 2 миллион теңге көлемінде шығын келтірген. Жамбыл облысында да мемлекеттік қызметкер құрыққа түсті. Бұл жолғы күдікті –  жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі облыстық басқарма басшысы екен.

«Ол шаруа қожалығына тиесілі 25 гектар жерді мемлекет пайдасына қайтармағаны үшін 50 мың доллар талап еткен. Соның 2 млн теңге көлеміндегі парасын алды деген күдік бар. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр», – деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Нұрлан ЖАХИН.

Енді «Қазақстан теміржолы» жемқорлықтан таза болмақ. Өйткені, жолаушыларды тасымалдайтын ұлттық компания базасында «Адал жол» кеңсесі ашылады. Бастама  теміржол билеттерінің заңды түрде сатылуын бақылауға мүмкіндік береді. Агенттік өкілдері осылайша «құпия сатып алушы» әдісі арқылы жолаушыны билетсіз кез келген өңірге жібере алатын «көмекшілерді» құртамыз дейді. Мамандар олардың осы әдіс арқылы теміржол билеттерін нарық бағасынан 50 пайыз қымбатқа сатып келгендігін анықтаған.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров