Алматыда 600-ден астам аула мен жерасты өткелдері түгелдей күрделі жөндеуден өтеді

Алматыда 600-ден астам аула мен жерасты өткелдері түгелдей күрделі жөндеуден өтеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда құрылыс жұмыстары қызуда. Жолдар мен көшелерден бөлек, аулалар мен жерасты өткелдері жөнделіп, абаттандырылып жатыр.

Жыл соңына дейін 600-ден астам аула күрделі жөндеуден өтпек. Оның әрқайсына заманауи ойын алаңдары салынып, жаңа асфальт төселіп, орындықтар мен жарық шамдар қойылмақ. Бүгін қала әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында жөндеуден өткен аулаларды аралап шықты.  

Қазір балалар роликті конькилерімен сырғанап жүрген бұл жер күн суытқанда мұз айдынына айналады. Болашақта хоккейші немесе мәнерлеп сырғанаушы боламын дейтін жастардың бәрі осында жиналады. Таяуда ғана бұл жердегі борттардың орнында тот басқан металл қабаттары мен кеңестік кезеңнен қалған қақпалар тұрған еді. Ал қазір заманға сай мұз аренасы спорттық сайыстарды өткізуге дайын. Мұз айдынының маңы да балақайлардың сүйікті орнына айналып үлгерген.  

«Мына жерімізді кереметтей ертегідей етіп гүлдендірді, көгалдандырды. Ертелі-кеш далаға шықсақ таза ауа жұтып, көңіліміз көтеріліп, бір сергіп қалдық», – дейді қала тұрғыны.

«Қарт адамдарға тіпті орындық жоқ болатын, орындыққа дейін қойып берді. Немерелерімізді де отырып ойната алатын болдық», – деп қуанады тағы бір қала тұрғыны

Қалалық әкімдіктегілер мұндай жайлы жағдайлар әр аулада болады деп уәде беріп отыр. Жөндеу жұмыстары қаладағы барлық жерде кезең-кезеңімен жүргізілмек.  

Алматыда жыл соңына дейін 200 үйдің қасбеті, шатырлары мен кіреберісі жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек жүз шақты лифті ауыстырылмақ. Жерасты өтпелі жолдарына да жөндеу жұмыстары толығымен жүргізілді. Қуантарлығы, енді метрополитендерде тегін wi-fi, қадағалау камералары бар. Мұнымен қоса, тұрғындар қазақ композиторларының музыкасын, әуезді әндерді тыңдай алады. Ал жерасты өтпелі  жолдарының қабырғаларына жазушыларымыздың нақыл сөздері жазылған.

«Өте жақсы суреттер салып қойыпты. Енді барлық жерде осылай жасаса, тамаша  болар еді. Жердің асты бұрын сасып тұрушы еді, қазір жақсы көңіл күймен кіретін болдық. Самал жел соғып тұр», – дейді қуанышты көңілдерімен бөліскен қала тұрғындары.

Айта кетерлігі, әр аудандағы жерасты өткелдеріндегі суреттердің өз ерекшелігі бар. Мәселен, Наурызбай ауданындағы жерасты өткелінде ұлттық үлгідегі суреттер салынған. Алмалы ауданында жануарлар болса, Түрксіб ауданында таудың суреттері бейнеленген. Айтпақшы, бұдан былай жерасты дүкендеріне де тыйым салынды. Яғни, мұндай платформалар енді жалға берілмейтін болды.

Тоғжан Аман, Ромина Макаримова, Рашидин Якупов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров