Алматыда эстрада жұлдыздары ХҚКО-на келушілерге қызмет көрсетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстандық әртістер Алматыда Халыққа қызмет көсету орталығында мемлекеттік қызмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жұлдыздардың ХҚКО-дағы бір күні» акциясы халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Әнші Айжан Нұрмағанбетова мен «Жігіттер» тобының мүшесі Мырзахан Махан Медеу аудандық ХҚКО-да электронды кезекке тұру талонын таратып, келушілер таңданысын тудырды. Сондай-ақ олар халыққа электронды үкімет сайты арқылы құжаттарды рәсімдеуді үйретті.

«Менің ойымша, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері болу – үлкен еңбек. Бұл үшін бойыңнан байсалдылық, сабырлылық қасиеттері табылуы керек. Жылы жүз танытып, күлімсірей білу қажет. Бір менеджердің алдынан күніне ондаған адам өтеді. Қазіргі кезде ХҚКО барудың аса қажеттілігі жоқ, Көп адам әсіресе, менің қатарластарым ғаламтор арқылы өз бетімен құжат дайындауды қиынсынады. Бүгін біз мұның ешқандай қиындығы жоқ екенін түсіндірдік деп ойлаймыз. Үйде отырып-ақ, мемлекеттік қызметті пайдалануға әбден болады», – деді Айжан Нұрмағамбетова.

Қазақстандық шоу-бизнес өкілдері Қаскелең аудандық ХҚКО қызметкерлеріне де көмектесті. Әнші-сазгер Марат Омаров тіркеу орнында тұрып талон таратса, «Алаш ұлы» тобы менеджер ретінде сыналып, клиенттерге кеңес берді. Бұл орталық Қарасай ауданының 19 ауылдық оркугінен күн сайын 2-3 мың азаматқа қызмет көрсетеді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы бойынша филиалы цифрландыруды дамыту аясында әрбір қазақстандық азамат ғаламтор қызметін падалануды білуі тиістігін айтты.

«2020 жылға қарай «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік жобасы аясында халықтың 80 пайызы компьютерді игеріп, мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде пайдалана алуы керек. Цифрлық сауаттылық – қазіргі заманның талабы. Адамдар мобильді болуға ұмтылып, қолдағы телефондарымен құжаттар мен анықтамаларды алуды үйренгені дұрыс. Цифрлық қолтаңбаның орнына, бір реттік СМС-хабарламаны қолдануға болады. Дамыған елдер қатарына кіру үшін жаңа технологияларды әрқайсысымыз меңгеруіміз керек»,– деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Алматы бойынша филиалы PR-менеджері Жаңыл Әпетова.

Аталған акция Қазақстанның барлық аймақтарында өтті. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында Қыдырәлі Болманов, тележурналист Ғани Жапишев, Құрмаш Махан мен Шахаризат Сейдахметов сынды әншілер бір күндік қызмет көрсетті.


Новости партнеров