«Астана» халықаралық қаржы орталығы арнайы қызметкерлерді дайындамақ

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Астана» халықаралық қаржы орталығы биылдан бастап арнайы қызметкерлерді дайындай бастайды. Бүгінде 2 мың 300-ге жуық маман оқытылып жатыр.  Аталмыш мекемеде жұмыс ағылшын тілінде жүргізіледі. Осыған орай, қаржы институты арнайы гранттар бөліпті. Бұл, шетелдік қаржы орталықтарында тәжірибені шыңдауға мүмкіндік береді.

Алматыдан Астанаға ауысқан қаржы институты Орталық Азия үшін ерекше хабқа айналуы тиіс. Ел шенділерінің де артар үміті зор. Себебі, ол тек қана ТМД емес, бүкіл Еуразия кеңістігін қамтымақ. Елбасы тапсырмасынан кейін, қаржы орталығын құру белсенді түрде қолға алынған еді. 

«Қазіргі кезде біз кәсіби деңгейді арттыру үшін, ақпараттық жүйеде байланыс орнатып жатырмыз. Оның басым бөлігі HR менеджементіне тікелей қатысты болып отыр. Бағдарлама Қазақстандағы HR қауымдастық көмегімен кәсіби мамандар санын арттыруға бағытталған. Біз мұндай жұмыстарды Алматы мен Астанада өткізетін боламыз»,-деді АХҚО кәсіби деңгейді үздіксіз шыңдау бюросының мұғалімі, Арман ШОҚПАНОВ.        

Отандық мамандарды оқыту арқылы - шетелдік қызметкерлер азаяды. Демек, бұл өз тарапынан ел азаматтарының жаңа бағытта дамуына серпін береді. Осы орайда, аталмыш институт арнайы грант бөлуді қолға алыпты. Бүгінгі таңда оған құжаттар қабылдау басталған. Қаржы орталығының негізгі мақсаты, ел экономикасының өсімін қамтамасыз ету. Қысқасы, инвестициялық капитал тартатын және қаржылық әдіс-тәсілдер саласындағы инновациялық нысан болмақ. 

«Астана Қаржы Орталығының Қазақстан экономикасы мен қарапайым адамға берер әсері екі түрлі. Бірінші кезекте, біз қор нарығы сынды бағыттардың жаңа тетіктерін ойлап тауып жатырмыз. Бұл бизнестің нарыққа шығуына мүмкіндік береді. Екіншіден, жанама әсеріне келер болсақ, бүгінгі таңда краунфандинг алаңы өте сұранысқа ие. Сол сияқты қымбатқа түспейтін жаңа бағыттарды қолдану»,-деді «АХҚО Әкімшілігі» АҚ басқарушы директоры, Бауыржан БЕКТЕМІРОВ.¤

Қаржы институты жанынан арнайы сот құрылып, халықаралық дауларды қарастыратын алқа жұмыс істейтін болады. Жүйе Англия және Уэльс құқығының қағидаттары мен нормаларына әрі әлемдегі жетекші қаржы нысандарының стандарттарына сай жүзеге аспақ. Яғни, Дубай қаржы орталығының негізі бойынша жүзеге асады.

«Қазақстандағы қаржы орталығының басты ұтатын тұсы ол- халықаралық арбитраждық сот пен ағылшын құқығының іске асуы. Бұл шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай туғызады.  Халықаралық талаптарға сай жұмыс атқаратын орталық шет елдік компанияларымен емін-еркін жұмыс істей алады»,-деді АХҚО кеңесшісі, Лорд Гарри ВУЛЬФ.   

Бұдан бөлек, «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында Орталықты басқару жөніндегі кеңес, қатысушылардың қызметін бақылайтын уәкілетті орган құрылады. Сонымен қатар, Елбасы басқаратын тұрақты жұмыс істейтін алқалы орган құрылмақ.

Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан


Новости партнеров