Елімізде кәмпит шығаратын алпауыт кондитерлік фабрикалар қосымша құн салығын төлегісі келмейді. Импортқа төтеп бере алмай отырған фабрикалардың өкілдері - өндірісі өрістемей отырған компанияларды үкімет үш жылға дейін салықтан босатса дейді. Одан бөлек, олар жыл сайын салық ретінде төленетін бір жарым миллиард теңгенің модернизацияға жұмсалуын қалайды. Кондитерлер қауымдастығының бірінші форумында тәтті өнім шығаратын компаниялардың дамуына кедергі болып отырған өзге де проблемалар талқыланды. Мәселен, қазір жаңа технологияны меңгерген маман тапшы, әрі зауыттың құрылғылары тозған. Импорт та толастамай тұр, бұл отандық тәтті өнім шығаратын компаниялардың толыққанды жұмыс жасауына кедергі келтіруде. Ұзақ мерзімге қаржыландырудың болмауы да қол байлау болып тұр.
«Салықтан босатса бюджет жыл сайын кондитерлік фабрикалардан түсетін 1,5 миллиард теңгені жоғалтады. Бірақ біз ол ақшаны отандық тәтті өнімдерінің дамуына жұмсар едік. Жаңа жұмыс орындарын ашар едік. Үш жыл аралығында фабрикалар жұмысын реттеп алар еді. Есесіне, кейін салықтық түсімдерде көбейеді», - деді Қазақстан кондитерлер қауымдастығының президенті Әлихан ТАЛҒАТБЕК.
Былтыр еліміздің ірі кондитерлік фабрикалары 183 мың тонна тәтті өнім шығарса, оның 68 мың тоннадан астамын экспортқа жіберіпті. Жалпы қазақ нарығы жылына шамамен 230 мың тоннадай кондитер өнімдерін тұтынады екен. Бірақ сұраныстың басым бөлігі импортқа тиесілі. Әсіресе базарда украиналық және ресейлік шағын десерттер көп кездеседі. Былтыр сырттан 113 мың тоннадай тәтті тасымалданыпты.