Қазақстандықтардың басым бөлігі өз құқықтарын білмейді. Осылай деп Тұтынушылардың ұлттық лигасы дабыл қағып отыр. Мәселен, биыл тұтынушыларға және банкке қатысты заңдарға бірқатар өзгерістер енгізілген. Бірақ оны іс жүзінде қолданғандардың саны аз. Ал құқық қорғайтын мамандар жыл бойы басты назарды «интернет және байланыс операторларының» сапасын тексеруге арнамақ. Өйткені, осы мәселеге қатысты 1 жыл ішінде 8 мыңнан аса шағым түскен.
Биыл елімізде «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңға бірқатар өзгерістер енгізілген. Десе де, жаңа заңнамаға жүгінген адам аз. Бұдан былай тұтынушылардың сауда залында фото және бейнетүсірілімдер жасауға құқығы бар. Светлана Романовская осындай жеңілдіктер жасалғанына қарамастан халықтың құқығы жиі бұзылатынын айтып отыр. Оның айтуынша, халықтың дені интернет және байланыс операторларына, пәтер иелері кооперативінің қызметіне және азық-түлік тауарларының сапасына көңілі толмайды екен. Лига мамандары биыл тұтынушыларға келтірілген 57 млн 938 мың 870 теңге материалдық шығынды қайтарып берген. Осы тұста заң осал емес, тек азаматтар енжарлық танытатынын көрінеді.
«Қазақстандағы заңдар жинағы азаматтарға тиімді етіп жасалған. Ол тұтынушылардың құқығын толықтай қорғай алады. Дегенмен, халықтың басым бөлігі мұндай мүмкіндігі бар екендігін білмейді. Сондықтан биыл жыл бойы жедел желілер арқылы тұтынушыларға көмек көрсетеміз. Биыл Қазақстандағы «интернет пен байланыс операторларының» сапасына ерекше көңіл бөлеміз», - деді «Тұтынушылар ұлттық лигасы» РБҚ төрайымы Светлана РОМАНОВСКАЯ.
Биылғы жылы басты назарда «интернет және байланыс провайдерлері» болуы бекер емес. Өйткені, осы мәселеге келгенде тұтынушылар құқығы жиі бұзылады екен. Мәселен, байланыс операторлары тарифтік жоспарға ақыны бір айға алып алғанмен, сапалы қызмет толық ай көлемінде көрсетілмейтін жағдайлар жиі кездеседі.
«Интернет пен байланыс операторларының сапасын дәлелдейтін бізде құрал жоқ. Бұл көрсетілген қызметтің сапалы немесе сапасыз екендігін білмейміз. Өйткені, арнайы әдіс пен мамандық иелері жоқ. Жалпы интернеттің сапасы қандай болуы керек? Операторлар ақы алатындықтан тұтынушыларға анық түсініктеме беріп, сапалы қызмет неге көрсетпейді? Қазір Парламентке құрал жасау үшін ұсыныс айттық», - деді «Тұтынушылар ұлттық лигасы» РБҚ төрайымы Светлана РОМАНОВСКАЯ.
Еске сала кетейік, Ұлттық тұтынушылар лигасының жедел желісіне 2040 және 2518 нөмірлеріне ұялы телефон арқылы хабарласуға болады. Биыл желіге 200 мыңнан астам қоңырау келіп түскен.
Жадыра Омаржан, Әсет Құндақпаев, «Алматы» телеарнасы