Қазақстандық ғалымдар бие сүтін «жасартатын эликсир» жасауда пайдаланды

06.12.2016 15:43

Ұзақ өмір сүрудің құпиясы. Ұлттық салауатты тамақтану орталығы өз зерттеулерінің нәтижесін жариялады. Олар 2 ай көлемінде егде жастағы қарттар рационына бие сүтінен жасалған өнімдерді енгізген. Нәтижесі көңіл көншітерлік.

Соңғы уақытта әлем бойынша адамдардың өмір сүру ұзақтығы артып келеді. Бұл жағынан Қазақстанда да жағымды үрдіс байқалуда. Егер 1960 жылы ол 58-59 жас болса, 2014 жылы 71-72 жасты құрады. Ал, 2050 жылға қарай 80 жасқа жетіп жығылмақ. Бұл мақсатта жасалатын жұмыстар да аз болмақ емес. Өмір сүру сапасын жақсартуда отандық ғалымдар зерттеу жұмыстарының нәтижесін жариялады. Айтуларынша, Алматыда бұл шара дұрыс жолға қойылыпты.

«Бізде анық-қанығына жетіп, соның халыққа нағыз пайдасының бар екенін түсіндіріп, тағамдардың түрлерін жасап жатырмыз. Сол тамақтардың түрлеріне қызығушылық көп болып жатыр қазіргі күнде. Сол қызығушылық арқылы өнімге сұраныс өсіп жатқанын көріп жатырмыз», - деді Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді ШАРМАНОВ.

Ғалымдар бие сүтінен жасалған емдік-профилактикалық өнімдердің әлеуметтік мекемелерде өмір сүретін егде жастағыларға әсерін зерттеген. Ол екі айға созылыпты. Зерттеу нәтижесі қарт кісілердің ағзасындағы метаболистік процестердің барлық көрсеткіштері бойынша оң өзгеріс көрсеткен. 

Ал, бұл бие сүтінен түрлі сусындар дайындайтын цех. Кәдуілгі сүт өнімдерінен айырмашылығы – басқа қоспалардың жоқтығында. Табиғи өнімнен жасалатын сусынды сатып аларда мамандармен кеңесуге де мүмкіндік бар.

Ұлттық салауатты тамақтану орталығы зерттеулерінің нәтижесі бойынша, бие сүтінен алынған өнімдер қартаю процесін баяулататын көрінеді. Сонымен қатар, қарттардың ағзасында қан айналым жүйесі, қант диабеті және остеопороз сынды сырқаттардың туындау қаупін төмендетеді.


Азамат Әуезхан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы