Елімізде жылына 17 мыңға жуық науқас аяқ пен қолдың протезіне зәру. Биыл қазақстандық ғалымдар оны 3D принтердің көмегімен жасауды қолға алды. Ерекшелігі сол, тізеден сканер алынғанда адам мүшесінің әрбір өлшемі ескеріледі. Сондықтан, протез науқастың аяғына мүлде ыңғайсыздық туғызбайды. Ал дайындалуға бар-жоғы 14 сағат кетеді екен. Жоба әзірге пилоттық.
¤¤34 жастағы Алматы облысының тұрғыны Дәуір Әбдіхалықов аяғын бала кезінде ойнап жүріп, ойда жоқта жарақаттап алған. Сөйтіп 1993-ші жылдан бері протез киюге мәжбүр. Бастапқыда былғарыдан жасалғанын кигенін айтады. Кейін тіпті қымбат екеніне қарамастан Түркия, Германиядан да тапсырып беріп алдыртқан екен.
«Протез болғаннан кейін аяқты қажайды. Аяқ киім сияқты ғой. Қазір заманның технологиясы жылдан жылға дамып келеді. Менің протез кейіп жүргеніме 24 жыл болды. Осы уақыт аралығында 50-ден астап протез кидім. Өйткені, бала кезімде жылына екі рет ауыстыратынмын», - деді ¤науқас Дәуір ӘБДІХАЛЫҚОВ.
Осыдан 6 ай бұрын Дәуір 3D форматтағы протездеуге келген. Қазір ерекшелігін тамсана айтып отыр. Өйткені, мамандар сау аяғындай етіп, екінші жартылай кесілгенін сканерден өткізіп протез жасап берген.
¤«Неше түрлі протез кидім. Енді жақсы деп айта аламын. Дегенмен өз аяғындай болмайды. Бірақ қазіргі жасалып жатқан протез өте жақсы, өте ыңғайлы», - деді науқас Дәуір ӘБДІХАЛЫҚОВ.
Бұл техника адамның анатомиялық ерекшеліктерін ескереді. Яғни протездің аяққа батып немесе қажауына жол бермейді деген сөз. 3Д принтер Ресейде, ал пластик Оңтүстік Корея мен Германиядан әкелінген. Қазір мамандар протездің тізеге киілетін жерін түрлі материалдан әзірлеп, науқастарға тәжірибе жасап жүр. Ал ең соңғы нұсқада ыңғайлысын қалдырмақ.
«3D технологиямен аяқтың протезін істеуді меңгерейік деп шешім қабылдап отырмыз. Жалпы 3D технологияны айтатын болсақ мұндай технологиямен қолдың протездері көп істелінеді. Ал, аяқтың протездері өзінің ерекшеліктеріне байланысты оны істеу өте қиындау. Сондықтан, біздер бірінші рет протезді істеп отырмыз», - деді «Әлеуметтік оңалтауды дамытудың ғылыми-практикалық орталығы» директорының орынбасары¤ Мыңжасар ШҰҒАЙЫПОВ.
Бүгінгі таңда мүгедектерге протез үш жылда бір рет тегін беріледі. Тек қазір олар гипстан жасалған түрін киіп жүр. Егер алматылық ғалымдардың жаңа жұмысы сәтті жүзеге асса, онда еліміздегі 17 мың протезге мұқтаж адам ыңғайлы жүріп-тұратын болады.
Жадыра Омаржан, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы