Қазақстандық суңгуірлер Ыстықкөлде 40 метр тереңдікке түсті

08.08.2018 19:24

Шолпан Ата қаласында Халықаралық азаматтық қорғаныс ұйымы аясында (МОГО) «Суға сүңгу ісі» бойынша жиын өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА қырғызстандық «Кабар» агенттігіне сілтеме жасап.

Жиынға 7 ел – Қырғызстан, Ресей, Грузия, Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолия және Индонезия өкілдері қатысты. Бұл бас қосудың негізгі мақсаты – «Суға сүңгу ісі» бойынша мамандарды оқыту, кәсіби біліктілігін көтеру және қатысушы елдер мамандарының өзара байланысын нығайту.

Ресей Әскери теңіз флотының қарулы күштері жиынды өткізуді қамтамасыз етті.

Ресей базасынан арнайы жарақталған екі моторлы қайықпен маман-сүңгуірлер келді. «Олар жиынға қатысушыларға УВС-50М, СВУ-5(1) және СВУ-5(2)-нің суға сүңгуге арналған жабдықтарын көрсетті. Оқу-жаттығу кезінде қатысушылар УВС-50М жабдығымен 10 метр, сондай-ақ барокамерамен 40 метрге дейін тереңдікке түсті», – деп хабарлады ресейлік «Кант» әуе базасының баспасөз қызметі.