Қазақстанда жоғары білімі бар жастар әскерге көптеп шақыртылуда

12.09.2018 23:52

Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Отан қорғауға аттанатын бозбалалар алдымен медициналық тексеруден өтіп, денсаулықтарының жарамдылығы туралы сыннан өткеннен кейін әскери бөлімдерге жөнелтіледі.

Биыл мерзімді әскери қызметке орта арнаулы және жоғары білімі бар жастар шақыртылып жатыр. Күзгі науқанда Алматыдан 1,5 мыңдай азамат әскерге аттанбақ. Комиссия әр шақырылушыны жеке-жеке қарастырып, алған білімін, мамандығын ескереді. Отбасы жағдайын сараптайды, денсаулығының жарамдылығын басты назарға алады. Содан кейін ғана оны әскер қатарына қабылдау-қабылдамау туралы шешім қабылдайды.

«Соңғы жылдары елімізде патриоттық жұмыстар көптеп жүргізілді ғой. Сондықтан қазіргі жастардың әскери борыштарын өтеуге талабы өте жоғары. Біз осы жерге келгенде алдымен ата-аналармен сөйлесеміз, барлық жағдайларды зерделейміз», – деді Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Амантай ҮСЕРБАЕВ.

Күзгі науқанда шақыртылған азаматтар еліміздің шекара қызметінің әскери бөлімдеріне борышын өтеуге жөнелтіліп жатыр. Мерзімді әскери қызметке шақыру желтоқсан айының соңына дейін жүргізіледі. Аттанып жатқан бозбалалар отан алдындағы борыштарын өтеп қана қоймай, әрмен қарай әскери қызметші болуды да армандайтындарын айтты.