Банк алдындағы берешекті қайтару үшін заң жобасы әзірленуде

Банк алдындағы берешекті қайтару үшін заң жобасы әзірленуде
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Банк алдындағы берешекті қайтарудың жаңа жолы. Елімізде борышкерлердің төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жөніндегі заң жобасы әзірленіп жатыр. Онда тұтынушылық несие, ипотека алған жеке тұлғалардың мәселесі қарастырылған. Заң жобасы қабылданатын болса, қордаланған қарызын төлей алмай жүрген азаматтарға жеңілдік жасалуы мүмкін. Бірақ, оған тек белгілі бір категориядағы тұлғалар үміттене алады.

Қарызы қордаланған еліміздің азаматтары берешегін өз ыңғайларына қарай төлей алады. Заң жобасы бойынша екі жол, соттан тыс және сот арқылы төлеу қарастырылған. Бірінші борышкер мен банк өзара келісім жасайды. Ақшаны біртіндеп қайтаратын болады. Екіншісі сотқа арыздану. Бұл жағдайда сот борышкердің мүлкі арқылы қарыз орнын толтыру туралы шешім шығарады. Егер мүлік құны берешекті төлеуге жеткіліксіз болса, сот қалған қарызды төлемсіз сызып тастау құқына ие. Бір борышкердің қарызы 10 жылда бір рет кешірілуі мүмкін.

«Қарыз беруші бүгінде несиесін төлемеген борышкердің кепілдікке қойған пәтерін алып қоюға құқылы. Ал жаңа заң жобасында қарыз алушы мен банк арасында арнайы жоспар құрылып, бір шарт жасалуы көрсетілмек. Заң жобасы бойынша борышкер әлеуметтік әлжуаз топқа жататын болса, кредиторлардың талабын өтеуге оның қаржысы жеткіліксіз болса, дәл осы жеке тұлғалардың үйі тартып алынбайды»,- деді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті басқармасының басшысы, Айгүл УӘЛИЕВА.

Заң жобасы қазір халық арасында қызу талқыға түскен. Еліміздің азаматтарына жан-жақты түсіндіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, берешегі бар жеке тұлғалармен кездесу өткізуде. Бұған дейін 13 өңірде жиындар ұйымдасытрылған. Соның ішінде ең тартысы Алматыда өттті дейді мамандар.

«Бүгінде қарызы бар жеке тұлғаларды категорияға бөлмей қарау керектігі туралы айтылды. Жиын өте қызу өтті. Себебі, мұнда қарызы бірнеше жылдап жиналған азаматтар келді. Біз бұл ұсыныстарды жан-жақты қарастырамыз. Заң жобасында ескеруге тырысамыз»,- деді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитеті басқармасының басшысы, Айгүл УӘЛИЕВА.

Еліміздің азаматтарының банк алдындағы тұтыну қарызы 1 триллион теңгеден асып жығылады. Ипотекаға алған баспанасының қарызын төлей алмай жүрген 338 мың адам бар. Солардың бірі Алтынай Әубәкірова. Ол ипотекаға 10 жыл бұрын банктен 10 миллион 500 мың теңге несие алып, екі бөлмелі пәтер сатып алған. Берешегін екі жыл төлеп отырған. Кейіннен денсаулығы сыр беріп, қарызын өтеуге мүмкіндігі болмапты.

«Мен өзім жеке кәсіпкермін. Бірақ жұмысым қазір тоқырап тұр. Өзімнің жеке. Мен өзім ауырып жүрмін. Сосын қазір бәсекелестік үлкен. Сосын инфляция жеп қойып жатыр. Қазір базарда тұрған адамдар сөйлесеміз ғой сондай айтады мына инфляция жеп жатыр дейді. Мұнда адамның өтемділігін қалпына келтіру. Оны қалпына келтірудің жолы біреу-ақ ол адамға біріншіден жұмыс беріңіздер, екіншіден инфляцияны тоқтатыңыздар. Сонда ол өтемділік болады»,- деді Қала тұрғыны, Алтынай ӘУБӘКІРОВА.

Жұмыс тобы жеке тұлғалармен заң жобасын талқылау үшін мұндай кездесуді Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанайда өткізбек. Сөйтіп, заң жобасы Мәжіліс қарауына күзде жолданбақ. Егер депутаттар қолдаса, құжат 2021 жылы күшіне енеді.

Перизат Көмекбайқызы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров