Алаяқтар «науқас қыз баланың емі» туралы жалған хабарлама таратып, ақша жинаған

12.07.2018 16:56

Қазақстандықтар мен ресейліктер өмірде жоқ баланың еміне қаражат жинап келген. Осындай тақырыппен мәскеулік басылымдардың бірінде мақала да жарияланыпты. Мақалада Лиора Әлиева есімді алматылық бүлдіршінге жедел түрде ота жасау керектігі жазылған. Авторлардың айтуынша, сегіз жастағы оқушы Алматыда тұрады. Ал қазір Америка Құрама Штаттарында ем алып жатыр екен-міс. Көмекке мұқтаж жан өмірде бар ма?

Даудың басы әлеуметтік желіде жарияланған посттан басталған. Лиора Әлиева есімді қыздың операциясына ақша жинау шілденің басында басталыпты. Алғашқы постты Александр Гутин жазған. Ресейлік танымал жазушы өз парақшасында хәл үстінде жатқан бүлдіршін туралы жан тебірентерлік пост жарияласа, басқа қазақстандық азамат «Радио России» тілшісіне де хабарландыру жазуды өтініпті.

«Маған Қазақстан Республиксы, Алматы қаласының тұрғыны хабарласты. Қателеспесем, Виталий Цеховский. Фейсбук арқылы шығып, хәл үстінде жатқан қыз үшін қаражат жинауды ұйымдастыру жөнінде пост жариялауымды өтінді. Қыздың анасының парақшасын көріп, диагнозы туралы, америкалық плдатформа туралы ақпарат алғанда, оның өтірік екеніне көзім жетті», – дейді Михаил Шахназаров.

Постта мынандай суреттер мен анықтамалар қоса берілген. Онда Лиораның америкалық клиникада ем алып жатқандығы да айтылады. Алғашында ата-анасы әлеуметтік желі арқылы байланысқа шығып отырса, кейін парақшасын анасы бұғаттап тастаған көрінеді. Бұл іске танымал заңгер Сталина Гуревич араласады. Оның есебі бойынша бірнеше күн ішінде ресейлік бір банкке шамамен бір жарым миллион теңге қаражат жиналған.  

«Бүгінгі таңда бұл оқиға бойынша, бұлтартпас дәлелдерді тауып, алаяқтың әрекеті екендігіне көзімізді жеткіздік. Ондай қыз болмаған. Қазақстанда мұндай деректері бар баланың барын білмеймін, бірақ Мәскеу мен Қазастанда, АҚШ-та ем қабылдап, Мәскеуде жүрегі ауыстырылған қыз туралы ақпарат расталмады. Менің қолымда оны дәлелдейтін ресми деректер бар», – деп түсіндірді заңгер (Ресей Федерациясы) Сталина Гуревич.

Қазір заңгер қылмыстық іс қозғау үшін құқық қорғау органдарына шағымдануды жоспарлап отыр. Қорға ақша жинаушылар осыны естіген соң, аударылған қаражаттарды қайтара бастаған. Ресейлік заңгер мұны алаяқтыққа теңейді. Мәселен, көрші елдің заңына сәйкес, адамның кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, алматылық ауру баланың ата-анасымен хабарласу мүмкін болмады. Өйткені, ұялы телефоны сөндірулі. Осындай түсініксіз жағдайда сарапшылар былай әрекет етуді ұсынады

«Жиналған қаражатты ата-аналардың қолына бермеу керек. Тікелей клиникаға аудару шарт дегенді айтқым келеді. Өзім де бірнеше рет куәгер бодым. Мысалы сал ауруына шалдыққан баланың суретін жапсырып, қажетті ақша жиналғаннан кейін жұлынды ауыстыру керектігін айтады. Бірақ бұл диагнозбен ауыратын баланың жұлынын ауыстыру мүмкін емес. Содан кейін, өз мәліметтерін, болмаса бір қордың мәліметін береді. Сондықтан тікелей клиникаға аударған әлдеқайда сенімді», – деді «Подари детям жизнь» қорының менеджері Светлана Селюлина.

Сарапшылар адамдарды арбайтындардың кесірінен шын көмекке мұқтаждар зардап шегеді дейді. Сондықтан ақша аудармастан бұрын, мәліметті алдын-ала мұқият тексеріп алған жөн. Ал өлім аузында жатқан Лиора Алиева есімді алматылық шынында да бар ма? Анық-қанығын білу үшін қалалық Ішкі істер депарматентіне ресми сауалхат жолдадық.  

Азамат Әуезхан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы