Қазақстандықтар банкоматтан көбірек ақша ала бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат порталыі ranking.kz-ке сілтеме жасап.
Алғашқы жартыжылдықта қазақстандықтар ел аумағында төлем карталарынан жалпы 6,2 триллион теңге ақша алған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 25,4% артық. Соның 84,8%-ы немесе 5,2 триллион теңге банкоматтардан алынған, бұл жағынан да көрсеткіш былтырғы жарты жылдыққа қарағанда 28,7%-ға артық. POS-терминалдар арқылы ақша алу көлемі 9,8% артып, 932,9 миллиард теңгеге жетті.
Бүкіл республикада төлем карталарынан қолма-қол ақша беру көлемі артқан. Дегенмен, бұл ретте көшбасшы Алматы облысы болып отыр. Өңірде үстіміздегі алғашқы алты айда бұл көрсеткіш 34,6% өсіп, 281,4 миллиард теңгені құраған.
Бір айта кетерлігі, картадан қолма-қол ақша алудың басым бөлігі банкоматтардың үлесіне тура келсе де, маусым айында олардың жалпы саны 8,8 мыңды құрады. Бұл өткен айдағыға қарағанда 1,1 мыңға аз.
«Қолма-қол ақша алу транзакцияларының жылдық мөлшері 14,4% артып, 129,4 миллионды құрады, соның 122,3 миллионы банкоматтардың үлесіне тура келеді (жылдық өсім - 16,7%). POS-терминал арқылы жүргізілген транзакциялардың мөлшері, керісінше, 14,7%, яғни 7,1 миллионға қысқарған. 2018 жылдың қаңтар-маусым айларында транзакциялардың орташа чегі 47,5 мың теңге болды (былтыр бұл көрсеткіш - 43,4 мың теңге болатын). Банкомат арқылы орташа 42,7 мың теңге (былтыр - 38,7 мың теңге) алынса, POS-терминал арқылы жүргізілген транзакциялардың орташа чегі 131,3 мың теңгені (былтыр - 102 мың теңге) құраған», – делінген сайтта.