Еліміздегі экологиялық ахуалды тұрғындар онлайн режимде бақылай алады

Еліміздегі экологиялық ахуалды тұрғындар онлайн режимде бақылай алады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отандық ғалымдар еліміздің қай өңірі ең лас екенін анықтауға кіріспек. Бастамашы топ қазір пилоттық жобаларын әзірлеп жатыр. Олар өндіріс орындарына арнайы датчиктерді ортанып, сол арқылы қоршаған ортаға қандай мөлшерде зиянды заттардың таралып жатқанын анықтамақ. Инновациялық жоба биыл желтоқсан айында жүзеге асады. Оны қаржыландыруға технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік ниет танытқан екен.

Роман Костылев іргедегі Ресейден келген. Білікті математик ұзақ жылдан бері әлемдік экология мәселесін зерттеп жүр. Айтуынша, ауаны зиянды заттардан тазарту  үшін алдымен оның таралу аймағын анықтап алған жөн. Сонда ғана келелі істі кемеріне келтіруге болады.    

«Мысалы, белгілі бір кәсіпорын 10 тонна көмір жағып, ауаны ластап жатыр делік. Біз олардың қандай отын түрін пайдаланып жатқанын білеміз. Математикалық тұжырымға сүйеніп, көмірден қандай мөлшерде улы заттардың бөлініп жатқанын анықтай аламыз. Мұндай әдіс кеңес кезінде кеңінен қолданылатын еді. Біз соны жаңғыртып, біраз жетілдірдік», - деді жоба авторы  Роман КОСТЫЛЕВ.

Жаңашылдығы сол - еліміздегі экологиялық ахуалды тұрғындар онлайн режимде бақылай алады. Ауаның ластану көрсеткіші үздіксіз жаңарып тұрады. Ол үшін бастамашы топ кәсіпорындардың мұржасына арнайы датчиктерді орнатпақ. Сол арқылы қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін анықтап отырады.     

«Меніңше, бұл бағдарлама өміршең болады. Ауаның ластануы туралы барлық мәліметтерді жинап, мемлекеттік органдарға береміз. Олар өз тарапынан тиісті шара қолданылатын болады», - деді  «Экосервис-С» компаниясының директоры Ғалым БЕРКІНБАЕВ.

Британдық зерттеушілер ауаның ластануынан жыл сайын әлемде 5 жарым млн адамның мерт болатынын айтады. Улы газдан көз жұматындардың көбі қытайлар мен үндістер екен. Осы тұста, қоршаған ортаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін азайтуға осы жоба септеседі деп отыр ғалымдар. Бастамашы топ тың ойларын биыл желтоқсан айында жүзеге асырмақ. Алдағы 3 жылда тиімділігін көрсете бастайды. Инновациялық жобаны технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік қаржыландырған.     

«Біз ақпараттық-коммуникациялық технология саласын, энертегитика және тамақ өнекәсібін, тіпті көлік құрастыру саласын дамытуға арналған жобаларға инновациялық гранттар бөлдік. Жобаларды арнайы комиссия іріктеп, ілкімділерін ғана таңдады. Мәселен, еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған жобаны жүзеге асыруға агенттік тарапынан 213 млн теңге бөлінді. Қалған 96 млн - компанияның жеке қаражаты», - деді «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ басқарма төрағасының орынбасары  Өміржан ТӘШІМОВ.

Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік 2011 жылдан бері 280 жобаға инновациялық грант бөліпті. Қаржы көлемі 13 млрд теңгеге жуықтайды. Осы аралықты елімізде 3 мың жаңа жұмыс орны құрылған екен. Агенттіктен қолдау тапқан компаниялар әзірге 120 млн теңгенің өнімін шығарған.

Дастан Сейілханұлы, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров