Қазақстан бойынша 67 мың баспана пайдалануға берілді

11.09.2018 20:10

8 айдың қорытындысы бойынша 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тұрғын үй құрылысы бойынша инвестициялар 701,6 млрд теңгені құрады. Ол өткен жылғы деңгейден 31,2 пайызға жоғары. 8 айдың қорытындысы бойынша 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда - 111,8 пайыз. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жылдық жоспарының 64 пайызы орындалды», - деді министр. 

Жалпы, оның дерегінше, республика бойынша шамамен 67 мың баспана пайдалануға берілді. Оның ішінде 26 665 жеке үй бар. Тұрғын үйлерді тапсыру көлемінің ұлғаюы өткен жылмен салыстырғанда республиканың 14 өңірінде сақталуда. 

«Алдыңғы қатарда Алматы облысы, Шымкент қаласы, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қостанай және Ақтөбе облыстары тұр. Республиканың 3 өңірінде тұрғын үйлерді тапсыру көлемі төмендеген. Атап айтқанда, Қызылорда облысында 19 және Павлодар облысында 13, Астана қаласында 8,7 пайызға төмен. Жылдық 108 пайыздық жоспарға сәйкес республиканың 2 өңірінде өсім баяу. Олар: Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары», - деді Жеңіс Қасымбек.