Қазақстан мен Қытай бірлесе салатын Қорғас өзені маңындағы «Шүкірбұлақ» бөгетіне 11 млрд-тан астам қаржы жұмсалады. Осыдан біраз уақыт бұрын көтерілген заң жобасы бүгін Мәжілісте мақұлданды. Жалпы отырыста халық қалаулылары білім саласын, ел аймағын газбен қамту жүйесін және балалар денсаулығына зиян ақпараттан қорғайтын бірқатар маңызды жобаларды қарастырды.
Министрлердің бірінен кейін бірі депутаттар алдында жаңа заң жобаларын қорғап, ұсыныстарын айтып шықты. Нақтырақ айтқанда, күнтізбеде 11 мәселе қарастырылды. Соның бірі Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Ішкі Істер министрі Қалмұханбет Қасымов бұған дейін де Қорғас өзені бойында селден қорғайтын «Шүкірбұлақ» бөгетін сөз қылған болатын. Ақпараға сенсек, құрылыс жұмысына 11 млрд астам қаржы қажет. Бұған Инвестицялар және даму министрлігі де жауапты екен.
«Жобасы жасалды. Сараптамадан өтті. Бұл жобаны жасағанда екі елдің де мамандары толықтай қатысты. Жаңағы жоба Қытай еліне берілді. Қазір ол жақтан сараптама өткеннен кейін, толықтай екі елдің заңнамалары жоғарыда көзделген»,-деді ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.
Келесі мәселе қорғаныс саласына қатысты. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов әскери бағытта туындайтын жаңа идеяларды қаржыландыратын қор құру жоспарда бар екенін жеткізді. Аталмыш мекеме әскери техниканы экспортқа шығаруға, инвесторлар тарту мен технология трансфертіне басымдық береді. Мұндай қадам, дамыту институттары мен екінші деңгейлі банктердің қару жарақ және әскери техниканы әзірлеуге қаржы бөлмейтіні салдарынан қолға алынып отырған сыңайлы.
«Қордың көмегімен отандық қорғаныс өнеркәсібі кешені өнімдерін экспорттын арттыру. Инвесторлар және қазіргі заманғы технологияларды тарту, сондай-ақ шетелдік компаниялармен келісім-шарттар, оның ішінде технологияларды трансферттеу бойынша келісім-шарттар жасау болжанып отыр. Осы факторлардың барлығы қорғаныс өнеркәсібі кешені кәсіпорындарының қаржылық жай-күйін сауықтыруға мүмкіндік береді»,-деді ҚР қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.
Министрлер көтеріп, халық қалаулылары қолдаған кезекті мәселе Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шекаралық түйісу нүктесі болды. Бұл да заң жүзінде шешіледі. Депутаттар аздан кейін білім саласына ойысты. Аталмыш бағыттағы жаңашылдықтар жайын Бақытгүл Хаменова жіпке тізіп шықты. Жаңа заң төрт бағытты қамтыған.
«Баршаға арналған тегін техникалық және кәсіптік жобасын заңды түрде қолданысқа енгізу көздейді. Жалпы аталған өзгертулер мен толықтырулар, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары қызметінің басты 4 бағынын реттеуге негізделген. Атап айтсақ, оқу бағдарламаларын модульдік әзірлеу, дуалды оқытуды дамыту және біліктілікті сертификаттауды бәсекелестік ортаға беру, оқу орындарының қаржылық жағдайы»,-деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Бақытгүл ХАМЕНОВА.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысы мәжіліс спикерінің сынынан өтпеді. Еңбек нарығындағы сұранысты реттей алмауы біраз депутатты ашуландырды. Себебі күні бүгінге дейін қажетті кадрлар тапшы болып отыр. Былай қарағанда, мемлекет тарапынан қолдау батпандай, колледжер саны жетерлік - деді Ирина Унжакова. Қойылған сұраққа тиісті жауап таппаған Нұржан Әлтаев Нұрлан Нығматулиннен сөз естіді.
«Ол жұмыс қалай іске асып отыр? Нақты сұрақ қойылды. Қанша мерзімде деген. Егер Сіз қазір аймақтармен жол картасы бар екенін айтып, оны белгілі бір сайтта назарға ұсынсаңыз яғни, Теміртауға осыншама электр дәнекерлеуші, аулышаруышылығына мынша адам деп берсеңіз бір жөн. Білім министрімен тығыз байланыста жұмыс істеуіңіз жеткіліксіз»,- ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.
Ел экономикасының дамуына серпін беретін индустриалды-инновациялық жобалар да назарға алынды. Заң бойынша тіпті, «Астана хаб» түсінігі пайда болды. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау заңыда екінші оқылымда мақұлданды.Ақпарат таратуға белгілі талап қойылады.Оның ішінде ғаламтор желісі де бар. Айта кетейін, аталмыш заң жобасы өткен жылы желтоқсанда қолдау тапқан болатын.
Назым Мәлікқызы, Дәурен Зарипов, «Алматы» телеарнасы Астанадан