Қазақстан мен Өзбекстан бірлескен әскери жаттығулар өткізді

17.07.2018 16:30

Қазақстан мен Өзбекстанның Арнайы операциялық күштерінің бөлімшелері «Ерік дала» бірлескен тактикалық-арнайы жаттығуларының бірінші кезеңін өткізді.

Жауынгерлер түнгі барлау және жауынгерлік операцияларды жүргізу міндеттерін орындады. Жоспарға сәйкес, ұшу-қону шараларын орындау барысында 2500 метр биіктіктен заңсыз қаруланған шартты топ құрықталды. Сондай-ақ, әуе кемелерін пайдалану арқылы фронталдық авиацияны енгізу іске асты. 

Еліміздің Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов: «Қазақстан мен Өзбекстан Қарулы күштері бөлімшелеріне жүктелген міндеттер сәтті аяқталып, бірлескен жаттығулардың бірінші кезеңінің міндеттеріне қол жеткіздік. Және сапар барысында Президентіміз – Жоғарғы Бас қолбасшымыздың қойған міндеттері аясында көптеген мәселелерді шештік», деді.

Өз кезегінде Өзбекстанның қорғаныс министрі генерал-майор Абдосалом Азизов тұрақты кездесулер өткізу екі әскер арасындағы қарым-қатынасқа жоғары серпін беретінін атап өтті.

Сондай-ақ, ресми сапар кезінде өзбек делегациясы Қазақстан Қорғаныс министрлігінің әскери нысандарына барды. Атап айтсақ, «Жетіген» оқу орталығын, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты мен Құрлық әскерлерінің әскери институтын аралады.