Қазақстан онкологтары тіс дәрігерлеріне бастың қатерлі ісігін анықтауды үйрете бастады

19.06.2018 23:46

Елімізде жыл сайын 2000-нан астам адам бас және мойын қатерлі ісігіне шалдығады. Обыр дертімен ауыратындардың басым бөлігі сырқаты әбден асқынып кеткенде дәрігерлер көмегіне жүгінеді екен. Бұл статистиканы кеміту мақсатында отандық және Ресей онкологтары стоматолог және отоларинголог мамандарына бас және мойын қатерлі ісігін ерте анықтау әдістерін үйретпек.

Юсуф Каримов ауыр кеселді жеңіп шыққан жандардың бірі. Құлағы ауырып, арасында дауысы шықпай қалғанда бірден ауруханаға барған. Дәрігерге ерте жүгінудің арқасында дер кезінде көмек көрсетіліпті. Елу жасқа таяған азамат әр 6 айда осылай тексеруге келіп тұрады.

«Маған ота 2014 жылы жасалды. Міне содан бері 4 жыл өтті. Алғашында Алматы облысында дәрігерлерге қаралдым. Алайда ол тексеріп, барлығы дұрыс екендігін айтты. Тек дауысымның шықпай қалуының себебін анықтау үшін анализ тапсыруға жіберді. Міне рак ауруын ерте анықтау өмірімді сақтап қалды,-деді Юсуф КАРИМОВ.

Елімізде обыр дертіне шалдыққандардың дені кеселді асқындырып алатын көрінеді. Онколог мамандар тұрғындардың скринигтік тексерулерге немқұрайлы қарамау керектігін айтады.

«Ауызда ойық жара пайда болса, түйін пайда болса, мойында без шығатын болса, егер осы түйін жара 3 аптаның ішінде қайта жазылмаса, сіз дәрігерге барып қаралыңыз. Дәрігер сонда толық қарап, уақытша диагноз қояды да, уақытынша ем береді. Ал адамдар көбінесе оған қарамайды да, әбден қиналғанша өз денсаулығын қарамай кешігіп келеді. 50-60 пайыз адамдар біздің диагностика болғанда өте кешігіп келеді де»,-деді Қазақ Онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының дәрігері Ғалым ӘДІЛБАЕВ.

Ресми мәлімет бойынша, елімізде жыл сайын бас және мойын қатерлі ісігіне 2 мың адам шалдығады. Кеселді ерте анықтау үшін тұрғындар қыркүйек айында тегін тексеруден өткізілмек. Одан бөлек, отандық және ресейлік онкологтар тіс және құлақ ауруын емдейтін мамандарды оқытпақ.

«Әдетте науқастар бізге аурудың 3, 4-кезеңінде ғана қаралуға келеді. Мұндай науқастардың көмейінің жартысын, мұрын қуысы және ауыз қуысының өзге де органдар мен тыныс жолдарын алып тастауға тура келеді. Емдеудің тиімді әдістерінің бар болғанына қарамастан, диагноз қойылған соң науқастар арасындағы өлім 50%-ға жетеді. Еліміздің алты өңірінде - Алматы, Астана, Қарағанды, Шымкент, Ақтөбе және Семей қалаларында стоматологтар мен отоларингологтарды қатерлі ісікті ерте анықтау әдісін үйретеміз»,-деді Қазақ Онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының директоры Диляра ҚАЙДАРОВА.

Жалпы онкологиялық аурулар арасында бас және мойын қатерлі ісігі 6 орында тұр. Дәрігерлердің айтуынша, бас, мойын, ауыз қуысы және жұтқыншақтағы қатерлі ісіктері  алкогольдік ішімдікті, қорқор және темекі өнімдерін шектен тыс көп тұтынудан пайда болады. 

Перизат Көмекбайқызы, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы.