Қазақстан шенділері Ресейге қойылған санкциялардан зардап шекпеудің бірнеше бағытын ойлап тапты

Қазақстан шенділері Ресейге қойылған санкциялардан зардап шекпеудің бірнеше бағытын  ойлап тапты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жақын уақытта теңге әлсіремейді. Себебі, Қазақстан шенділері Ресейге қойылған санкциялардан зардап шекпеудің бірнеше бағытын ойлап тапты. Бұл мәселе Үкіметтегі жиында айтылды. Отырыста елімізде мұнай өндіру көлемі 6,1 пайызға артып, 22 млн тоннаға жеткені мәлім болды. Сонымен қатар,  2022  жылға дейін бүкіл Қазақстан азаматы цифрлық сауатын ашып, электрондық сауданы меңгеретін болады.     

Шенділердің бүгінгі сейсенбілік жүздесулері алдымен биылғы жылдың алғашқы маусымындағы әлеуметтік-экономикалық дамуға қорытынды жасаудан басталды. Бақытжан Сағынтаев республикалық бюджеттің іске асуын қатты қадағалады. Алматы мен Астана және өзге де өңірлердің басшылары түгелі қалмай есеп берді. Данияр Ақышев өз кезегінде теңгенің жағдайына тоқталды. Сәуірдің басында АҚШ -тың Ресейге жариялаған санкциясына орай рубль біраз деңгейін жоғалтқан болатын. Бұл үрдіс Қазақстанға да әсер етпей қоймады. Өткен аптада ұлттық валюта әлсіреген болатын. Ұлттық банк басшысы бүгіндері жағдай бір қалыпқа келгенін жеткізді.

«Сәуірдің басында Ресейдегі қор нарықтарының құлдырауы нәтижесінде Ресей рубльінің әлсіреуі аясында теңге бағамы құбылды. Бұл ретте  жақсы макроэкономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, қазіргі кезде валюта нарығындағы ахуал тұрақтанды. Жалпы алғанда Ресейдегі оқиғаларға реакцияны біз қысқа мерзімді қалыпты деп бағалаймыз», -деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр АҚЫШЕВ

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовте Ресейге жасалған санкция жағдайын тілге тиек етті. Әрі, екі ведомство Үкіметте бір емес бірнеше мәрте жиналыс өткізіп, алдағы уақытта болуы мүмкін қауіп-қатерлерді қарастырған.Тіпті, түйткілден шығудың бірнеше бағытын да дайындап үлгеріпті. Десе де, теңгенің алдағы уақытта қатты құнсызданбайтынына сенім білдірді.

«Өздеріңіз көріп отырғандай 1 доллар құны қазіргі кезде 61-62 рубль деңгейінде. Оған мұнай бағасының жоғары болуы септігін тигізіп отыр. Сондықтан біз валюта нарығында не макроэкономикалық көрсеткіште жақын арада қатты бір өзгерістер болады деп ойламаймыз», -деді  ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ

Елімізде биыл жанармай тапшылығы болмауы тиіс. Энергетика министрлігінің өкілдері соңғы ақпараттармен бөлісті. Биылдың алғашқы шенінде мұнай өндіру көлемі 6,1 пайызға артып, 22 млн тоннаны құрапты. Ал, өңдеу жұмысы өткен жылмен салыстырғанда 9,4 пайызға артқан. Жанармай бекеттерінде қалған өнім әзірге бір айлық сұранысты өтеуге жеткілікті екен. Бүгінгі таңда респбулика бойынша жалпы жағармай қоры - 324,2 мың тонна, дизельдік отын - 334,8 мың тонна көлемінде.

«Бірінші тоқсанда үш мұнай өңдеу зауыты 2,8 млн тонна көлемінде мұнай өнімдерін шығары. Бұл 2017 жылғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда шамамен 5 пайызға артты. Жалпы  1 тоқсан бойынша мұнай өнімдері нарық жағдайында тұрақты және жанар-жағармай тапшылығы байқалмайды», -деді ҚР энергетика министрінің бірінші орынбасары  Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ

Үкіметте «Цифрлық Қазақстан» бойынша іске асатын жобалар да сөз болды. Ақпарат және коммуникация министрі 2022 жылға дейін 8 млн-ға жуық қазақстандықтың цифрлық сауаттылығы артатынын мәлімдеді. Министр қазіргі кезде жұрттың тек 77 пайызы ақпараттық технологияларды игерген,  деген пікірде. 2022 жылға дейін жалғасатын бағдарлама аясында, жұртты электрондық сауда жүйесіне де үйрету көзделген.

«Аталған мемлекеттік органдар цифрлық сауаттылыққа  байланысты қосымша білім беруге ат салысатын болады. Бұл дегеніміз не? Мысалы, қазір ұлттық экономика министрлігі бизнес жүргізу бойынша кәсіпкерлерді ауқымды оқыту жұмыстарын өткізіп жатыр. Демек, осы оқыту бағдарламасына цифрлық саланы да қосуды жоспарлап отырмыз. Осыған ұқсас тәсілді педагог кадрлармен тағы да басқа мамандардың біліктілігін арттыру кезінде пайдалану көзделген», -деді ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі¤ Дәурен АБАЕВ

Сөз соңында Шығыс Қазақстан облысы әкімі Даниал Ахметов су тасқыны салдары жағдайын тілге тиек етіп, зардап көлемі барынша өтеліп жатқанын мәлімдеді. Демек, жалпы қажет сома 3,2 млрд теңге. Оның 500 млн жергілікті бюджеттен бөлінген. 172 үй қайта қалпына келтіріліп, 34 жаңа баспана сатып алу жоспарланған. Зыряновск, Глубоковксий және Аягөзде болған оқиға соңғы 5 жылда болмаған жағдай,  деді өңір басшысы


Назым Мәлікқызы, Олжасбек Мәденов,  «Алматы» телеарнасы Астанадан


Новости партнеров