Қазақстанда алғаш рет танго биінің фестивалі өтті. Шараға Мәскеуден, Аргентинадан арнайы өнерпаздар келген. Ұйымдастырушылар әлемнің кіл мықтыларын шақырдық дейді. Олардың қатарында отандық бишілер де бар.
Құштарлыққа толы танго биін тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Әкем театрдың іші көрерменге лық толы. Аргентиналық Рубен және Сабрина танго биімен кәсіби түрде айналысып жүргендеріне 20 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында түрлі мемлекеттерде болдық дейді. Өздерінің тәжірибелерімен бөлісіп, төл әдістерін үйретіп жүр.
«Біз Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмыз. Мұндағы адамдардың барлығы жылы қабылдап жатыр. Көрермендер де танго биіне құрметтерін көрсетуде. Біз үшін халықтың қошеметінен асқан сый жоқ. Алматыны аралап үлгермедік. Келесі жолы келгенде, міндетті түрде қаланың әдемі жерлерін көреміз», - деді кәсіби танго бишісі Рубен ВЕЛИЗ (Аргентина).
«Біз Қазақстанға тағы қайтып келеміз. Жолдасым екеуміз әлем елдерін аралап, өзіміздің «танго әдісімізді» үйретіп жүрміз. Алматыда танго биінне қызығатындар аз емес екен. Сондықтан, әлі талай жолығамыз деген ойдамын», -деді кәсіби танго бишісі Сабрина ВЕЛИЗ (Аргентина).
Мамандардың сөзінше, танго биі импровизацияға құрылған, еркін би. Яғни 25 базалық қимылдар үйретіледі. Сахнаға шыққан жұп әуен ырғағымен бірдей билеулері қажет. Көп жағдайда ер азамат аруды жетелеп жүреді. Қыз бала ерінің қандай қимыл жасайтынын тілсіз түсініп, әдемі билеулері керек. Тангоның ерекшелігі де осында.
Сонымен қатар, бұл биде сөйлесуге, күлуге, тіпті, бір-бірінің көзіне қарауға болмайды. Биге дауыстап шақыру тіл тигізумен пара-пар. Мәселен, серіктесіңізді көзбен және ерінді аз ғана қимылдату арқылы шақыра аласыз. Ұйымдастырушылардың сөзінше, танго фестивалін өткізудегі мақсат - аталған би түрін кеңінен насихаттау.
«Бұл фестивальді алдағы уақытта да ұйымдастырамыз деп ойлаймын. Дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазір танго биі елімізде жақсы дамып келеді. Көрші мемлекеттен бізге келіп, үйірмеге де қатысып жатқандар бар», -деді танго фестивалінің ұйымдастырушысы Ерлан НҰРПЕЙІСОВ.
Қазақстанға «танго» 2 мыңыншы жылдарда келе бастапты. Содан бері жыл сайын осы биге қызығатындар саны артып келеді екен. Айта кетейік, фестивальға Мәскеуден арнайы оркестр шақырылған. Сонымен қатар, аргентиналық және еліміздің танго бишілері қатысуда.
Өмір Әнуарбек, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы