Қазақстанда Балалар кодексі әзірленіп жатыр - Зағипа Балиева

29.05.2018 18:18

Қазақстанда балалардың құқықтары мен міндеттемелері жүйеленетін жаңа Балалар кодексі әзірленіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақстанның Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева «Балаларға арналған әділ сот: нәтижелер, инновациялар және одан әрі дамуы» конференциясында мәлім етті.

«Біз үш заң жобасын әзірледік және Балалар кодексінің тұжырымдамасын әзірлеуге кірісіп кеттік. Әрине, қазір дайын деп айтуға келмейді. Әзірге, осы үш заң жобасымен айналысамыз, оның ішінде «Бала және сот әділдігі» заң жобасы да бар. Кодексті әзірлеуде ғалымдарымыздың еңбектерімен таныстық, бірнеше докторлық диссертациялар бар, халықаралық үлгілер бар», - деді Омбудсмен конференция барысында.

Оның айтуынша, жаңа Кодекстен бала және баламен жұмыс істейтіндер өз құқықтары мен міндеттемелері туралы барлық ақпаратты таба алады.

«Осында отырған барлық қатысушылар кодексті жетілдіруге атсалысады деп ойлаймын. Себебі, бізге бала және баламен жұмыс істейтіндер өз құқықтары мен міндеттемелері туралы барлық ақпаратты таба алатын кодификацияланған заң керек.  Шын мәнінде, бәріміз бірігіп, үлкен жұмыстың іргетасын қалап жатырмыз. Балаларға арналған сот әділдігіндегі ең үздік әлемдік тәжірибелер, үздік дағдылар міндетті түрде ескеріледі», - деп өз сөзін түйіндеді Зағипа Балиева.