Қазақстанда «Қызыл кітапқа» енген ақбөкендерді санау басталды

Қазақстанда «Қызыл кітапқа» енген ақбөкендерді санау басталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде киік санағы басталды. Биыл сұлу жануарлар мамырдың 10-нан 25-і аралығында төлдейді, - деген болжам бар. Мамандар осы аралықта ақбөкендердің өрісін әуе арқылы бақылап, тікұшақпен санақ жүргізбек. Сондықтан жақын күндері аңдарға күзетті күшейту де көзделіп отыр. Ал санақ нәтижесі тек жарты жылдан соң дайын болады.

Қазір елімізде 152 мың ақбөкен тіршілік етеді. Олардың Бетпақдала, Үстірт және Орал деген үш тобы бар. Мамандар соңғы жылдары киік санының артып келе жатқандығын айтады. Сондықтан дәстүр бойынша сұлу жануардың саны мен жайылым өрісін әуе арқылы бақылауды бастамақ. Ақбөкендерге тікұшақпен санақ жүргізу үшін 100 сағат бөлінген. Оның 20 сағаты Ақтөбе облысын, 16-сы Ақмола, 46-сы Қарағанды және 18 сағаты Қостанай облысына бақылауға қарастырылған.

«Әуе санағынан соң біз көзге ілінген жануарлар туралы мәліметтерді жинастырып, қорытындысын жарты жылдан соң жариялаймыз. Ал қазіргі қолда бар деректерді келтірсек, 2015 жылы өңірімізде - 242 мың бас ақбөкен болды. Араға жыл салып, олар жаппай қырылып, жойылып кету қаупі туындады. Нәтижесінде 2016 жылы киіктердің саны 36 мыңды құрады. Ал былтыр 51 мың 700 ақбөкен санадық. Биыл да өсім көреміз деген үміттеміз», - деді Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Боранбай АЙТҚОЖИН.

Былтырғы санақ кезінде ақбөкендердің басым бөлігі Ақмола және Ақтөбе облыстарында мекендейтіні анықталыпты. Бірақ қазір киіктер төлдеу үшін Қостанай облысына келуде. Сондықтан өңірде жануарлар дүниесін қорғау жұмыстары күшейтілді. Мамандар құралай өретін аумақтың барлығын қорғауды мықтап қолға алып жатыр. Биыл ақбөкендер мамырдың 10-ы мен 25-і аралығында төлдейді деген болжам бар.

«Қазір киіктердің төлдеуіне байланысты мобильді топ құрылды. Оның құрамында жергілікті полиция өкілдері, «Алтын дала» табиғи резерватының қызметкерлері бар. Мамандар Женгелді, Амангелді, Наурызым және Қарасу аудандары мен Арқалықтың аумағын бақылауға алып, ақбөкендердің өсіп-өнуіне және көбеюіне жағдай жасайды», - деді Қостанай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Мұрат БАЙДІЛДИН.

Ақбөкендерді үздіксіз әуеден бақылау, оларды сақтап қалуға септік етеді,- дейді мамандар. Инспекторлар 2016 жылдан бері киікке байланысты браконьерлік оқиғалар тіркелмегенін айтады. Әйтсе де табиғат қорғаушыларының техникалық жабдықталуы заңсыз аң аулаушылармен салыстырғанда әлі де кемшін екен.


Новости партнеров