Қазақстанда мүгедектерге арнап ескерткіш орнату ұсынылды

19.07.2018 21:08

«ЕLAMAN» әлеуметтік-инновациялық жобалар қорының төрағасы Алмаз Ержанның ойынша, аталған ескерткіш мүгедектерге деген сый-құрметтің белгісі бола алады, деп xабарлайды ҚазАқпарат.


«Алдағы уақытта мүгедектерге арнап ескерткіш орнату мәселесін қарастыруға болады. Бұл – азаматтық мәселе. Ондай ескерткіш мүмкіндігі шектеулі жандар үшін үлкен стимул болатын еді. Себебі бізде бір миллионнан астам адамның мүгедектігі бар», – деді А.Ержан Астанада өткен кеңесте.

Бұдан бөлек, ұйым басшысы Есілдің жағасында мүгедектерге арнап балық аулау орнын жасақтауды ұсынды.

Айта кетейік, отырыс кезінде А.Ержан мүгедектерге жағдай жасаудың кемшін тұстарын атады.

«Пандус, пандус дейміз. Мысалы, дәл қазір мен әкімдікке қалай кірдім? Бұл жерде дені дұрыс пандус та жоқ. Сол үшін әкімдікті неге жауапқа тартпайды? Неге айыппұл салмайды? Неге әкімдікті ешкім тексермейді? «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесін алайық, ол жақта мүгедектерге арналған дәретxана жоқ. Ол да дұрыс емес. Заң бойынша мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқығы да шектеліп отыр», – деп атап көрсетті ұйым басшысы.