Ұлттық академия кітапханасында сирек кездесетін туындылар мен жазбалардың электрондық қоры 40 мыңға жеткен. «Рухани жаңғыру» мақаласының бір жылдық жұмысын қорытындылау шарасында мамандар осылай деді.
Молла Қанағатұлы «ғылыми жұмысымды аяқтауға аз қалдым» дейді. Керекті ақпаратты 9 ай бойы іздеген оған Ұлттық академиялық кітапхананың сирек кездесетін кітап қорының көмегі зор болыпты. Ол шығыс ғұламалары, қазақтан шыққан дінбасшылары туралы араб тілінде жазылған туынды-деректерді арнайы порталдан тапқан.
«Мұнда жақсы жағдай жасалған. Әзір мен осы электронды құралдарды пайдаланып, өзімнің ғылыми жұмысымды осы жерде жасап отырмын. Қазақтан шыққан тұңғыш мүфтидің қолжазбасы. Соны тексеріп отырмын. Кітап етіп шығарғанбыз. Енді соның арабша вариантын шығарайын деп отырмыз», - деді оқырман Молла ҚАНАҒАТҰЛЫ.
Дүниеде екінші көшірмесі жоқ, саф алтыннан да артық білім нәрі болған кітаптарды электрондық жазбаға түсіретін Әділбек Бүкетаев өз жұмысына мұқият қарайды. Кітапханада 5 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан ол сирек кездесетін кітаптарды сақтап қалу аса маңызды жұмыс дейді.
«Төрт жыл бойы осы іспен айналысып келемін. Күніне ескі кітаптарды цифрлайтын құрылғыдан сан түрлі жазбаларды өткіземін. Шығармалардың сапасына байланысты бәрі. Менің ең ескі сканерден өткізге кітабым - 19 ғасырда жарық көрген, араб тіліндегі туынды», - деді кітапхана қызметкері Әділбек БҮКЕТАЕВ.
Он жылдан артық жиналған туындылар қорын кітапханашылар мақтан етеді. Ғаламтордың ғаламаты сол, электрондық кітаптарды әлем бойынша 115-тен аса елдің азаматтары ақтарған. Ұлттық академияда қызметкерлерінің көздегені - кітаптар қорын екі жылда үш есе ұлғайту.
«2007 жылы кітаптар порталын аштық. Бүгінде ғаламтордағы қазақстандық ең ірі білім нәрінің бірі десем де болады. Біздің қорымызда электронды түрде 40 мың кітап пен түрлі құжаттар бар», - деді ҚР Ұлттық академиясы кітапхана құрылымындағы сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының жетекшісі Әлия ҚОЖАБЕКОВА.
Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының аясында елордалық басты кітапхана қала тұрғындары мен қонақтарына арнап көрмелер, кітап кештерін ұйымдастыруға ниетті. Сондықтан қызығушылық танытқандар әрбір Ұлттық академиялық кітапханасына барса әбден болады.