Қазақстандықтар ұялы телефондарын тіркеуге міндетті

04.04.2018 00:50

Қазақстандықтар ұялы телефондарын тіркеуге міндетті. Жыл соңына дейін отандастарымыз қалтадағы гаджеттерінің IMEI-кодын немесе зауытта бекітілген жеке нөмірін төл құжатына енгізуі тиіс. Құлаққа ілмегендердің 2019 жылы байланыстары бұғатталады. Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев бастама телефон ұрлығы, тартып алу сынды заң бұзушылықтардың жолын кесуге сеп болады дейді.

Бұған дейін еліміздегі азаматтар ұялы байланысты қолдану үшін SIM картасын жеке куәліктегі жеке сәйкестендіру нөмерін тіркеп келген еді. Енді IMEI-кодтың кезеңі келді. Көпке түсінікті тілмен айтсақ, бұл ұялы телефонның ішінде немесе қорабының бетінде жазылып тұрған сандар жиынтығы. Ақпарат және коммуникациялар министрі қазіргі кезде өзге ведомстволармен және ұялы телефон операторларымен осы мәселелер бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Тіркейтін болсақ, ұрланған кез келген телефонды IMEI-код арқылы бұғаттауға болады, дейді Дәурен Абаев.

«2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап әр телефон міндетті түрде тіркелу керек болады. Бұл деген жасөспірімдерге, жалпы ұялы телефондарды ұрлау, оны балалардан тартып алу өз оң септігін тигізеді деп ойлаймыз. Сондықтан да осы тіркелу осы жылың соңына дейін бітеді», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен АБАЕВ.

Астананың орталық базарларының бірінде ұялы телефон сатуды күнкөріс еткен Жанболат телефонды сатып алушы қолданылған гаджетті аларда барлық құжаттарды тексеріп, жеке құжаттар мен сатушы туралы мағлұмат толық жиналатындығын айтады. Оның үстіне, сауда орнына құзырлы органнан тексерушілер күнделікті келеді екен. Заң бұзушылық табылса, сатушы орнын босатып, қылмыстық іс қозғалады.

«Әр телефонның жеке телефонның IMEI - коды болады. Соған сәйкес, телефондарды сатып аламыз біз. Телефонды алған кезде телефонды қорабымен бірге сатып аламыз. Сәйкесінше, ішіндегі IMEI - кодтарды бір-бірімен сәйкестіріп, тексеріп аламыз. Ұрлық-қарлықтың қатысы жоқ негізі», - деді Жанболат НҰРЛАНҰЛЫ.

Халықтың да бұл мәселеге қатысты ой-пікірін білдік. Бірі өзгерісті қолдаса, екіншісі осындай ереженің енгізіліп жатқандығынан хабарсыз екен, ал кейбірі бұл қадаммен органдар адамның жеке өміріне қол сұғып жатыр деді.

Сарапшылар елімізде ұялы телефонды азаматтардың 97 пайызы қолданатындығын айтады. Сондықтан тіркелу үшін ұзын-сонар кезекте орын алуы әбден мүмкін дейді. Ал жауапты ведомство қазақстандықтар тиісті шарадан өту үшін барлық жағдайды жасайтындығына уәде берді.