Теңге құны құлдырап барады. Бүгін доллардың бағасы 372 теңгеге жетті. Ұлттық валюта осылайша екі жыл бұрынғы антирекордты жаңартты. 2016 жылдың ақпан айынан бері алғаш рет теңге 370 теңгеге дейін құлдырады. Соңғы бір айда көк қағаз 18 теңгеден аса қымбаттады. Алдағы уақытта доллар тағы өсуі мүмкін бе? Қаржыны қандай валютада сақтаған дұрыс? Осы және өзге сауалдарға жауап алу үшін біз экономист Мақсат ХАЛЫҚПЕН байланысқа шыққан едік.
– Мақсат мырза, бүгінгі валюта бағамына қандай факторлар әсер етуде?
– Егер де қазір осы әсер етіп жатқан факторларды тізіп беретін болсақ, әрине, бірінші кезекте Ресейге салынып жатқан санкциялардың ықпалы болып тұр. Санкция өз күшіне енгендіктен, бүгінгі таңда белгілі бір дәрежеде рубль құнсызданып жатыр. Тиісінше, оның артынан теңгенің де бірден әлсірей бастағанын байқап отырмыз. Бұл негізінен сыртқы фактор ретінде қарастырылып отыр. Одан бөлек, ОПЕК елдерінде мұнай көлемінің де арта бастағаны жария болып отыр. Бұл да белгілі бір дәрежеде мұнай бағасының төмендеуіне септігін тигізіп, жанамалы түрде мұнай қорының ұлғаюына байланысты ақпараттың шығуына, яғни валюта нарығының өзгеріске ұшырауына ықпал етпей қойған жоқ. Бұл да теңгенің құнсыздануына әсерін тигізіп отыр деп айта аламын.
– Қазақстандықтарға қаржыны қандай валютада сақтаған жөн?
– Өте орынды сұрақ. Біз бұған дейін де 50:50 өлшемді сақтаңыздар деп айтып келдік. Ал қазіргі үрдіске қарап отырып, мынадай ұйғарымға келіп отырмыз: доллардың ұзақ мерзім бойы өсе беретіні түсінікті. Егер де федералды резервтер жүйесінің базалық пайыздық мөлшерлемесін жылдың соңына дейін тағы екі мәрте өсіреміз деген ұсынысқа тоқталатын болсақ, ол белгілі бір дәрежеде теңгенің ұзақ мерзімде әлде де болса әлсірейтінін көрсетеді. Сондықтан егер де қорларыңыз болса және оны сақтайтын болсаңыздар, көп бөлігін, яғни қолыңыздағы қордың 60-70 пайызын АҚШ долларында сақтаңыз, ал қалғанын теңгемен сақтағаныңыз дұрыс деп кеңес берер едім.
– Алдағы уақытқа қандай болжам жасай аласыз? Қазақстандықтарға қандай бағамға дайын болғаны дұрыс?
– Егер де осы болжамға қатысты толығымен жан-жақты ақпарат беретін болсам, бұл жерде ең алдымен, Үкіметіміз долларды бюджетке қанша бағаммен бекітті деген мәселеге оралғым келіп отыр. Осы жылдың ішінде доллардың орташа бағамы – 340 теңге деп жарияланған болатын. Демек, Үкіметтің осы ұстанымына сәйкес, Ұлттық банк те орташа жылдық бағамды 340-қа жеткізуге тырысатын болады. Яғни, жылдың басында біз бір доллар – 318-320 теңге деген курсты көрсек, жылдың ортасынан бастап бірден 360 теңгеге көтерілгенін көрдік. Демек, Ұлттық банктің те белгілі бір дәрежеде осы жоспарды орындауға тырысатынын атап өткім келеді. Егер бүгін 375 теңге болып, ал ертең 80 теңгеге дейін үлкен құлдырау орын алып жатса, Ұлттық банк те интервенциямен араласып, доллар көлемін түсіретін болады деп есептеймін. Сондықтан менің ойымша, бұл маусымдық кезең осы күзде, қыркүйек, қазан айларында белгілі бір дәрежеде доллар үстемдік етеді. Ал кейінірек, Жаңа жылға қарай және Жаңа жылдан кейін, көктемге қарай теңгеміз қайтадан күшейетін болады деп болжам жасар едім.
– Мақсат мырза, бізге уақыт бөліп, сұрақтарымызға жауап бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.
Перизат Көмекбайқызы, «Алматы» телеарнасы