Қазақстанның 17 темір жол вокзалы цифрлық қызмет көрсетуге көшеді. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ақпараттық технологиялар бойынша вице-президенті Арман Нұрышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстан вокзалдарында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына кіретін «Асу-Магистраль» автоматтандырылған жүйесін енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе үлкен деректер элементтерін қолдану арқылы темір жолдарға цифрлық диагностика жүргізуге мүмкіндік береді», - деді Арман Нұрышев.
Оның айтуынша, цифрлық диагностикада мобильді тексеру кешендері арқылы тұтас темір жолдарды 180 күнде емес, 15 күнде тексеріп шығуға болады. «Яғни, бағыттарды тексеру циклін 12 есеге арттыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге, біздегі инфрақұрылымды жетілдіру аясында пойыз қозғалысын басқару орталығын енгізгелі отырмыз. Бұл орталық барлық аймақтағы жол жүру жағдайын онлайн режімде бақылауға мүмкіндік береді. Біз теміржол вокзалдарын цифрландыруды бастаймыз, яғни 17 вокзалдың жолаушылар мен сатып алушыларға цифрлық қызмет көрсетуін қамтамасыз етуді жоспарладық. Бұл қызмет ішіне Wi-Fi, теледидар, интерактивті навигациясы бар ақпараттық табло енеді», - деп түсіндірді Арман Нұрышев.