Қазақстанның қасиетті жерлеріне шетел ғалымдары қызығушылық танытуда

31.05.2018 15:58

«Сакралды Қазақстан» жобасына шетел мемлекеттері қызығуда. Олар бізден қасиетті жерлерді түпнұсқада сақтап, болашақ ұрпаққа қаз-қалпында жеткізуді үйренбекші. Бұл туралы «Киелі Қазақстан» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Жиынға Өзбекстан, Ресей, Түркия, Мысыр, Жапония, Қырғыздың профессорлары мен тарихшылар арнайы келген. Сонымен қатар, осы саланы зерттеп жүрген отандық ғалымдар да қатысты. Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл шараның мақсаты - Қазақстанның қасиетті орындарын әлемге кеңінен таныту.

«Республика емес. Шетелге таныту мақсатында. Осы біздің киелі нысандарымызды, қасиетті орындарымызды, оның мән-мағынасын арттыру. Мәселен, қасиетті, қасіретті деген орындар бар. Мына, Қарағайлы саябағында орналасқан, былтыр ғана әкімдіктің тікелей қолдауымен ұйымдастырылған Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш қасіретті нысан»,-деді Алматы қаласы Мәдениет және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Данияр ӘЛИЕВ.

Жиында шетелдік мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, біздің елде жасалып жатқан тарихи жобаға қызығатындарын жеткізді. Қазір Мысырда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Сұлтан Бейбарыстың» мешітіне күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Сегіз ғасырға таяу уақыт өткен мешіттің ұзындығы - 108, ал ені - 105 метр. Каирдегі тарихи орынның құрылыс жұмысы таяуда аяқталады. 

«Бұл мешіт өте әдемі болмақ. Сұлтан Бейбарыс мешіті Египеттегі ең негізгі тарихи нысандардың тізіміне енгізілген. Біздің елге барған қазақстандық туристер даңқты бабаларының салдырған рухани ордасымен танысып қайтатын болады. Бұл мешіт Қазақстан үшін киелі жер болуға тиіс»,- деді Алматы қаласы Мысыр мәдени орталығының директоры ХЕМДАН ИБРАГИМ.