Ұшқыш ұшақты мас күйде басқарған: Әуе компаниясы жұмысын тоқтатты

Ұшқыш ұшақты мас күйде басқарған: Әуе компаниясы жұмысын тоқтатты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазавиа» әуе компаниясы  осы айда жұмысын тоқтатады. Азаматтық авиация комитеті «Қазавиа» әуе компаниясынан ұшуға рұқсат қағазын қайтарып алды. Лицензиядан айырылу себебі – Як-12 ұшағының апатқа ұшырауы.

Естеріңізге салсақ, оқыс оқиға Алматы облысының Панфилов ауданында орын алған еді. Жағдайдан кейін жүргізілген тексеру жұмыстары ұшқыштың ащы суға тойып алып тізгінге отырғанын анықтады. Бұл ағаттық тізгіндеушімен қоса, тағы бір адамның өмірін жалмаған еді. 

Лицензиясынан айырылған «Қазавиа» әуе компаниясы тамыздың 25-інен бастап қызметін тоқтатады. Азаматтық авиация комитеті жеке компанияның айналасындағы түрлі былықтарға орай, осындай шешім қабылдаған. Алдағы 20 күнде басшылық қоластындағы қызметкерлер мен салық органдары алдында қарызын өтеуі керек.

«Қазавиа» компаниясындағы кемшіліктер қалың жұртқа Алматы облысының Панфилов ауданында Як-12 ұшағының құлауынан кейін белгілі болды. Қайғылы оқиғада 54 жастағы ұшқышпен бірге әуе көлігінде болған 39 жастағы шаруа қожалығының басшысы Мәсімжан Мәсімов те көз жұмды.

«Қазавианың» медициналық ұжымына да сұрақтар бар. Өйткені, құжатта әуе кемесін жүргізген адам арнайы медициналық рәсімнен толық өткен деп жазылған. Сөйте тұра, сараптамада оның қанынан алкогольдік зат табылды. Оның үстіне, ұшаққа рұқсат етілген шамадан тыс жүк салынған. Сондай-ақ, экипаждың демалыс режимін бұзғаны да анықталды. Осының бәрі қайғылы жағдайға әкелген», – деді  

ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Ұшу жарамдылығы басқармасының басшысы, Бас мемлекеттік авиациялық инспектор Тимур ЯКУПОВ.

Маман егер де жеке иеліктегі аталмыш компания барлық олқылықты жойып, құжаттардың дұрыс екенін көрсетсе, лицензияны қайта жасай алатынын айтты. Бірақ бұл комитет білек сыбана кіріскен тексерістен бәрі де өте алады деген сөз емес. Жалпы алғанда, елімізде 600 аспан көлігі болса, соның 500-ге жуығы кіші авиацияға тиесілі.  

«Барлық өңірлердегі жағдайды анықтайтын боламыз. Шағын ұйымдармен тексереміз. Бірақ бір қиын жағдай бар. Біз алыста немесе айдалада орналасқан жеке қолдағы ұшақ пен тікұшақты толықтай бақылай алмаймыз», – деді ҚР Инвестиция және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті Ұшу жарамдылығы басқармасының басшысы, Бас мемлекеттік авиациялық инспектор Тимур ЯКУПОВ.

Соңғы рет Як-12 ұшағына 1960 жылдары мінген Дмитрий Душинин пилоттың ащы су ішкенінен күмәнданады. Және апатқа ұшырап, қайтыс болған адамның денесін бірден тексермесе, уақыт өте одан этил спиртінің иісі мүңки бастайды дейді.

«Як-12-ні баяғыдан бері авиация қатарынан алып тастау керек. Барлығының тозығы жеткен. Ал ащы суға келетін болсам, адам денесінде бәрібір спирт болады. Мамандар осыны қаперге алмай, ұшақ тізігендеген адамды алоголь ішті деп түсінсе керек. Өз басым оған күмән келтіремін», – деді Қазақстан авиациясының ардагері, ұшқыш Дмитрий ДУШИМОВ.

Бұл ретте мемлекет қарамағындағы ірі авиация жайын да айта кеткен жөн. Мамандар соңғы уақытта екі ірі әуе кемесінің апатын еске алды. Олар былтыр Алматы маңындағы «Ствинк» компаниясының Ан-28 ұшағы, «Тяньшань» атты ұйымның МИ-2 тікұшағы. Қазір екі жағдай бойынша да сараптама жұмыстары жүріп жатыр.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров