ҚазМҚПУ жатақханасын тексеру кезінде бірнеше олқылықтар анықталды

26.04.2018 01:03

Алматыдағы студенттер жатақханасы жаппай тексеріледі. Қаладағы бірнеше ұйым өкілдері мен жергілікті әкімдік өкілдерінен құрылған топ студенттердің үйін түгелдей аралап шықпақ. Тексеріс кезінде жатахананың санитарлық тазалығы мен техникалық жабдықталуына мән беріледі. Сондай-ақ тәлімгерлерге жасырын сауалнама жүргізіліп, олқылықтар жіпке тізілмек. Комиссия өкілдері студенттерді бопсалау, жемқорлық деректерінің бар-жоғын да анықтамақ. Бұған дейін 3 оқу орнының жатақханасын аралаған мамандар бүгін Қыздар Университетіне бас сұғып, бірнеше былықтың бетін ашты. 4 адамға шақталған бөлмеге 6 студент орналастырылған. Одан қалды тазалық та сақталмапты. Тексеріс кезіндегі барлық олқылықтар тізілгесін, қала әкімінің қарауына жіберілмек.

«Қазақ қыздар университетінің бөлмелерінде розеткалардың болмауы. Жаңа ғана көріп шықтық. Ол дегеніміз, қазіргі мынау ақпараттық заманда ондай зарядканың болмауы ол жастар үшін өте қиын. Дәретханаларында болдық. Жеке-жеке емес екен. Жалпы студенттерге барлығы бір жерде  орналасқан. Енді 1 қабатта 160 студент тұратынын есептейтін болсақ, ондай әжетхана жалпы студенттер үшін өте кішкентай және ол жерде кезекке тұрудың мүмкіндігі жоғары екенін ескеру керек», - деді Алматы қаласы студенттер альянсының төрағасы Қуандық ЖАСҰЛАН.