«Қазпошта» автоматтандырылған сұрыптау желісін іске қосты

«Қазпошта» автоматтандырылған сұрыптау желісін іске қосты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазпошта» Алматыда қызметі автоматтандырылған сұрыптау желісін іске қосты. Соның арқасында қызметкерлер тәулігіне 100 мың сәлемдемені емін-еркін сұрыптай алмақ. Нидерландтан әкелінген жаңа құрылғы хаттарды сериялық номерімен сұрыптап, жөнелтілетін өңірлер бойынша қоржындарға өздігінен салып отырады. Осының нәтижесінде, желі жұмысының қызмет көрсету жылдамдығы 10 есеге артпақ. Заманауи құрылғының жұмысымен еліміздің вице-премьері Асқар Жұмағалиев пен Алматы Әкімі Бауыржан Байбек танысты. Жалпы, «Қазпошта» қызметінің жұмысы компьютерлендірілген. Қызметкерлер келген сәлемдемелерді біріңғай ортақ жүйеге тіркеп отырады. Нәтижесінде, сәлемдеменің қайда тұрғаны, иесіне қашан жеткізілетіні компьютер арқылы бақыланады. Қазір пошта мамандары алыс шетелден келетін сәлемдемелердің орта жолда жоғалмай, тұтынушының қолына тиюін қатаң қадағалап жатыр. Бүгінде Алматы әлем нарығына шығудың қысқа әрі қауіпсіз жолын қамтамасыз етуде транзиттік көлік дәлізі жүйесін қалыптастыруда. Шет мемлекеттерден ағылып келетін сәлем-сауқаттардың басым бөлігі Қытай, Сингапур, Германия, АҚШ елдерінің ғаламтор-дүкендерінен түсіп жатады.    

«Сингапурден күніне 20000 келсе, 20000-ның ішінде жылдың басынан бастап санасақ, 500-дей фактілер болды. Зерттеу жасап қараған кезде бізге сәлемдемелер хатпен келеді. Қаптар барлығы дұрыс, жабық келеді. Бірақ ішінде бос қораптар табылып жатыр. Сол жөнінде біз Сингапур поштасымен жақсы жұмыс істеп жатырмыз. Ақырғы кезде 1-2 рет келді. 200-дей хаттың ішінде 5-6 факт қана бар», - деді «Қазпошта» АҚ атқарушы директоры Сәуле ЕГЕМБЕРДИЕВА.

Айта кетсек, жыл басынан бері «Қазпошта» арқылы елімізге 9 млн сәлемдеме келген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 17 млн-ға дейін жетеді, дейді мекеме өкілдері. Ал халықаралық сәлемдемелердің 65 пайызы Алматы арқылы өзге облыстарға жіберіледі екен.


Новости партнеров