Кедейлік, сапалы су мен азық-түлік: Астанадағы экономикалық форумда 5 басты мәселе талқыланды

Кедейлік, сапалы су мен азық-түлік: Астанадағы экономикалық форумда 5 басты мәселе талқыланды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлеуметтік теңсіздік жойылуы тиіс. Ұзақ өмір сүру индустриясы әлемдік экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Осыған орай, халықты азық-түлік, сапалы ауыз сумен қамту- басты мәселе. Халықаралық деңгейде өткен «Глобал челлендж саммиті» кезінде Нұрсұлтан Назарбаев осы мәселелерді алдыңғы шепке шығарды. Осымен 11-ші рет шымылдығын түрген Астана экономикалық форумы биыл «Жаһандық сын-тегеуріндер» тақырыбын қозғады.

«Глобал челлендж саммиті» - Халықаралық дейгейдегі ең ауқымды әрі экономикалық форматтағы кездесу. Осымен 11 мәрте ұйымдастырылған жиынның биылғы тақырыбы «Жаһандық сын-тегеуріндер». Орта Азиядағы шоқтығы биік шараға 111 елдің 2 мыңға жуық өкілі келіпті. Жалпы саны 7 мың адам қатысып жатқан саммитте ВВС, CNN сияқты әлемнің үздік арналарыда жүр. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін сөз алған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше мәселені бірден айтты. Мәселен, дүниежүзіндегі түрлі қақтығыстарды шешу барысында өзара келісімге келу қиындаған.

«Былтырғы форумнан кейін біз әлемдегі орасан зор өзгерістердің куәсі болып отырмыз. Жаңадан текетірес, конфронтациялар пайда болуда, мемлекеттер арасында келісімге келу қиындап бара жатыр. Әсіресе, үлкен мемлекеттер арасында. Өзара сенбеушілік, қарсыластықтың ұстанымын түсінуді қаламау жиі орын алуда. Бұл әлем үшін өте күрделі кезең»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Нұрсұлтан Назарбаев қоғам сапалы азық-түлік, таза сумен қамтамасыз етілуі қажет,- деді. Ол үшін ауыл шаруашылығы саласын  дамытуға ден қою керек, - дейді. Бұл заманауи технологияларды тиімді қолдану арқылы іске асуы тиіс. Сонымен қатар, адам жасына орай, зейнетақы мен әлеуметтік қамсыздандыру түбегейлі өзгерісті талап ететінін айтты.

«Мұндай демографиялық өзгерістер  жанама шешімдерді қабылдауды талап етеді. 10 млрд-қа жуық әлем тұрғындарының қажеттілігін өтеу үшін алдағы уақытта  60 пайызға артық азық-түлік өндіруге тура келеді. Базалық ресурстардың шектеулігін, әсіресе, тұщы су тапшылығының артуын ескерсек бұл оңай міндет емес»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Жаһандық сын-қатерлердің бірі - бай мен кедей арасындағы айырмашылықты жою - деді Елбасы. Қас қағым сәтте технологиялық төңкеріс әлеуметтік теңсіздікке алып келді. Дегенмен, алдағы уақытта табыстар арасындағы айырманы төмендетіп, әлемдегі әлеуметтік әл-ауқатқа тең дәрежеде қол жеткізу үшін тиімді шешімдер жасау керектігін атап өтті. Айта кетейін, Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағытта белсенді әлеуметтік саясат жүргізіп келеді. Форумда Назарбаев жастарға қойылатын талапқа да тоқталды.

«Білім беру практикасынан гөрі креативті ойлау, қажетті ақпаратты тауып, оны ұтымды пайдалана білуге баулу қажет. Техникалық прогрестің жылдам дамуы  қазіргі таңда  адамнан бірнеше мамандықты меңгеруді және өмір бойы білім алуды талап етеді. Қазақстан бұл бағытта қажетті жұмыстарды жүргізуде, біз бұған дайындалдық. Әлі де дайындық үстіндеміз»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Криптовалюта мен блокчейн қаржы нарығын түбегейлі өзгертеді. Әлемде мүлде басқа формация қалыптасуда - деген Қазақстан Президенті 2007-2008 жылдардағы әлемдік тоқырауды дамудың дағдарысына теңеді. Әрі, алдағы уақытта ірі мегополистердің өзара бәсекеге түсетінін жеткізді. Айтпақшы шілденің бесі күні «ірі қалалар» форумы өткізілмек.

«Егер бізде бұрындары миллион тұрғыны бар бір ғана қала - Алматы болса, ендігі кезекте оған Астана, Шымкент қалалары қосылып отыр.  Яғни үш қала болды. Бұл процесс үздіксіз жалғасады. Сондықтан да елорданың 20 жылдығын атап өту аясында, 5 шілде күні Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан елдердегі ірі қалаларының форумын өткізу тосыннан қолға алынып отырған жоқ»,-деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы дамытуда әлем бет бұрған бағыттарды да атап өтті. Энергетикалық революция экологияны тазартуда шешуші рөл атқармақ. Баламалы энергия көздерін алу тетіктері кеңінен дамиды. Цифрлық технологияларға сұраныс артады. Елбасы форум қатысушыларын «Астана» қаржы орталығының ашылу рәсіміне шақырды. Айта кетейін, үш күнге созылатын биылғы шара да 11 мәселе қозғалады. Конгресс аясында 75 түрлі кездесулер ұйымдастырылып, компаниялар арасында 8-ге жуық келісімшартқа қол қойылмақ. Форум ертеңде жалғасады.

 

 Назым Мәлікқызы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы Астанадан

 

Новости партнеров