1 мамыр - Қазақстан халықтарының бірлігі күні осы сәтте Алматының төрінде де дүркіретіп тойлануда. Түрлі концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, қаланың бірнеше алаңы мерекелік шараның ортасына айналды. Ол Республика сарайы алдындағы іс-шарамен шектелмейтінін айта кету керек. Алғаш рет мерекелік шара қайта жаңарған Панфилов көшесінің бойында да өтеді, мұнда таңнан кешке дейін мегаполистің этномәдени бірлестіктерінің ұжымдары концерт қояды. Дәл қазір Абай алаңында тұрған әріптесім Азамат Әуезхан тікелей эфирде сол жақтың атмосферасын жеткізуге тырысады. Азамат, мереке құтты болсын! Мейрамның негізгі бағдарламасымен таныстырып өтсең. Шараны тамашалауға барған алматылықтар мен қала қонақтары өздеріне не ала алады?
Бір ай бойы тойлатқан әз-Наурыз мерекесінің ізін суытпай келген Қазақстан халықтарының бірлігі күні бүгін ерекше сән-салтанатымен тойлануда. Ұлан ғайыр қазақ даласы 130-дан астам ұлт өкіліне ортақ Отан болып отырғаны айтпаса да түсінікті шығар. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды. Қазақта «Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» деген әпсана бар. Абай алаңында бүгін адам қарақұрым жиналған. Ауа райының қолайсыздығы да оларға кедергі келтірген жоқ. Негізгі мерекелік бағдарламаның шымылдығын дәстүр бойынша Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек түріп берді.
«Құрметті алматылықтар, қадірлі қала қонақтары. Баршаңызды 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! «Ырыс алды - ынтымақ» деп дана халқымыз айтқандай, бұл мереке жайдарлы бүгініміз бен жарқын болашағымыздың кепілі, берекелі ел бірлігінің мейрамы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ата-бабамыздан қалған қағидатты ұстансақ, болашағымыз баянды болады» деп атап өтіп, ілгері дамудағы ел бірлігінің баламасыздығына әрдайым баса назар аударды. Ел егемендігін алған тұста Елбасының көрегендігімен теңдесіз қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, - деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қазақстан халықтарының бірлігі күні қаланың бірқатар алаңдарында бір мезетте тойлануда. Мерекелік серуен Республика Сарайы алдындағы алаңмен шектелмейді. Алғаш рет мерекелік шара қайта жаңарған Панфилов көшесінің бойында да өтеді, мұнда таңнан кешке дейін мегаполистің этномәдени бірлестіктерінің ұжымдары концерт қояды. Абай алаңында таңғы сағат 10.00 бастап этномәдени бірлестіктердің көрмесі ашылып, оған ұлттық тұрмыстық заттар, музыка аспаптары қойылған, ұлттық костюм көріністері және басқалары назарға ұсынылды. «Береке бастауы - бірлік, ел іші тату- тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін бұл мейрамның орны ерек.
Қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен музыкалық бағдарлама туралы айтпасқа болмас. Сахнада күні бойына 500-ден астам әртістер өнер көрсетеді. Ұйымдастырушылар ерекше динамикалық аранжировка мен хореография көктемгі мерекелік көңілді көтере түседі дегенді алға тартуда. Ал сағат 19.30-да Айқын Төлепберген «15 жыл, сіздермен бірге» атты өзінің жеке концертін ұсынады, ал 21.30- да сахнаға «Ән мерекесі» бағдарламасымен «Турецкий Хорының» артистері шығады. Мереке құрметіне ұжыммен бірге әйелдердің «SOPRANO Турецкого» арттобы ән шырқайды, осылайша талант пен сұлулық үйлесім табады. Өз кезегінде, Панфилов көшесінде күні бойына концерттер мен көрмелер өтеді, мұнда қала тұрғындары мен қонақтары мегаполистің этномәдени бірлестіктерінің өзіндік мәдениетімен және дәстүрлерімен танысады. Ал кешкі онда «Астана» алаңындағы керемет отшашудың куәгері болыңыздар! Мереке құтты болсын!