"Қазсат-2" спутнигіне ешқандай кибер шабуыл жасалмаған

06.06.2017 16:20

Осы жылдың 31 мамырында еліміздің жерсеріктік жүйесіне кибер шабуыл жасалды деген қауесетке қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі түсініктеме берді. Есте болса, сол күні Таңғы сағат 8 шамасында Казсат-2 жерсерігімен байланыс үзілген. Осы жағдайға байланысты 13 байланыс және хабар тарату операторларының да жұмысы уақытша тоқтаған еді. Бейбіт Атамқұлов білікті мамандардың арқасында отандық жерсеріктің қайта іске қоcылғанын айтты. Осы уақытта Қазсаттан бөлек, әлемнің 4 жерсеріктік спутнигі де істен шығыпты. Министрдің айтуынша, сол кезде күннен шашылған сәулелер осы жағдайға түрткі болған.

«Сол уақытта Кибер шабуыл болды деген пікірлер болды. Бірақ жерсерігіне шабуыл жасау мүмкін емес екен. Себебі, ол ғаламторға қосылмаған. Автономды жүйеде жұмыс істейді. Спутникке қатысты айтатын болсақ, алғашқы мәліметтер бойынша, жерсеріктің істен шығуы ауыр бөлшектердің әсерінен орын алған. Спутник ғарышта ұзақ уақыт бойы тұр. Ал түрлі элементтердің, жоғарғы және төменгі температураның әсері, айырмашылығы 200 градусқа дейін жетеді. Ол өз зиянын тигізбей қоймайды»,- деді ҚР Қорғаныс және Аэроғарыш өнеркәсібі министрі, Бейбіт АТАМҚҰЛОВ.

Ал 2017 жылы Астана қаласында ғарыш аппараттарын құрастыру және сынау кешенінің құрылысы аяқталып, келер жылдан бастап, шетелдік тапсырыстарды алу үшін халықаралық стандарттар бойынша сертификаттауды бастау жоспарлануда. Құрастыру-сынау кешенінде 100 килограмнан 6 тоннаға дейінгі жер серіктерін жобалаудан, құрастыру мен сынауға болады. Сонымен қатар, ведомстово басшысы Қазақстан төртінші ғарышкерін ұшыруы мүмкін екенін мәлімдеді. Дегенмен, ол ең алдымен қаржыға байланысты. Үкімет сағатында баяндама оқыған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов Парламент тарапынан қолдау тапса, мақсаттарды жүзеге асыруға болатынын да жеткізді. Тіпті кандидатура да бар екен. Бірақ оның есімін жарияламады.