Алматыда 120 отбасы қоныс тойын тойлады

02.06.2017 15:21

Алматыда 120 отбасы қоныс тойын тойлады. Балалар мерекесінде үй кезегінде тұрған көпбалалы және толық емес отбасыларға, мемлекеттік қызметкерлерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға, әскери қызметкерлерге Атлеттер ауылынан жаңа баспаналар берілді. Қала әкімі Бауыржан Байбек тұрғындарға пәтер кілттерін өзі табыстады.

2 баланың әкесі Мұхамедбек Пыштаев мемлекеттік қызметкер ретінде үй кезегінде 6 жыл тұрған. Міне, ұзақ күттірген баспанасына қол жеткізді. Атлеттер қалашығынан 1 бөлмелі пәтер иеленген тұрғынның қуанышында шек жоқ. 

«10 шақты жылдай пәтер жалдап тұрдым. Мынау өте ыңғайлы нәрсе. Бәрі өзіңе қалады. Біреуге төлеп жүрмейсің. Ұдайы уайымдап жүретінмін. Үй кезегі қашан келеді екен, қашанғы біреудің есігінің алдында жүреміз дегендей. Қазір, міне, осы күнге жеткеніме қуанамын»,- деді Пәтер иесі, Мұхамедбек ПЫШТАЕВ. 

120 отбасы қоныс тойын тойлады. Бұлардың басым  көпшілігі - пәтер жалдап немесе туыстарының үйін паналап, пәтер  кезегінде  ұзақ тұрғандар. Үй кезегінде тұрғандарға жаңа пәтер кілттерін қала әкімі Бауыржан Байбек өзі табыстады. Сондай-ақ, бұдан былай халыққа пәтер бөлудің барынша ашық жүргізілетінін айтты. 

«120 адамға жаңа пәтерлердің кілттерін табыстаймыз. Осы 1-2 айдың ішінде 447 адамға пәтер табыстадық. Қазақстан ипотекалық компаниясының төрағасымен келісіп отырмыз, амандық болса, осы айдың соңына дейін толық 100 пайыз пәтерлерді тапсыратын боламыз. Елбасының өзінің жеке тапсырмасы бар. Бәрі әділ, ашық болу керек»,- деді Алматы қаласының әкімі, Бауыржан БАЙБЕК. 

Жаңа баспанаға қол жеткізгендердің қатарында көп балалы ана Гүлназ Шалабаева да бар. Отбасы 3 бөлмелі пәтер иеленді. 

«Өте көңілдімін, қуаныштымын. Балалар мерекесіне арнап, көпбалалы ана ретінде елбасы қолдап, пәтер кілтін табыстап жатыр. Өте бақыттымын. 17 жыл өзімнің жеке пәтерімнің болғанын қаладым. Арманым орындалды»,- деді Пәтер иесі, Гүлназ ШАЛАБАЕВА.

Бұдан былай үй кезегіне қою және кезектің жылжуы Элекронды үкімет порталы  арқылы жүретін болады. Сонымен қатар,  алғаш рет кезектің  электронды  инвентаризациясы енгізілген,  яғни кезекте тұрғандар жыл сайын Тұрғын үй басқармасына келмей - ақ дистанциялық жүйе арқылы өзіне қатысты мәліметті біледі. Тағы бір жаңалық, СМС- хабарлар арқылы да қажетті мәліметті алуға болады. 

«120 отбасы пәтер кілттерін иемденсе,бұған дейін 437 отбасы пәтер алған. Жалпы алғанда, 1748 пәтердің енді мыңға жуығы маусым айының аяғына дейін үй кезегінде тұрғандарға беріледі»,- деді Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы, Әнуар ӨСКЕНБАЕВ.

Елбасының тапсырысымен Алматыда «Нұрлы жол» бағдарламасының  инфрақұрылымдық жобаларына 20 млрд. теңге,  ал дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 33 млрд. теңге бөлінген. Алматыда биыл үй кезегінде тұрған әрбір төртінші отбасы пәтер алатын болады.

Сая Меңдеке, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы