Барлық Үкіметтік емес ұйымдар енді өз қызметі туралы мәліметтерді 31 наурызға дейін бірыңғай дерекқорға өткізулері тиіс. Олай етпеген жағдайда 1 сәуірден бастап, олар мемлекеттік сатып алуларға қатыстырылмайды. Бұл туралы Еліміздің Дін істері және азаматтық қоғам министрінің арнайы бұйрығы шыққан. Айта кетейік, өткен жылдың бірінші наурызынан бастап, «Үкіметтік емес ұйым дерекқоры» ақпараттық ресурсы өз жұмысын бастаған еді. Жаңа тәртіп бойынша қоғамдық бірлестіктер бірнеше жеңілдіктерге де ие болды. Атап айтсақ, құрылтай құжаттары, есеп теңгерімді ұсынуға талап ететін нормалар жойылды, ұйымның кіріс және шығыс туралы тармақтары салық есебінің нысанына сәйкестендіріліпті. Жауапты ведомоство деректер базасына өз уақытында мәліметті тапсырмаған, әрі жалған ақпарат бергендер әкімшілік жазаға да тартылады. Ал қоғамдық ұйым өкілдері бұл жаңашылдыққа оң көзқарас танытып отыр.
«Арнайы бір министрлік болса, Үкіметтік емес ұйымдарды бақылайтын, бізге көмек беріп отыратын, тікелей әлеуметтік мемлекеттік конкурстар жариялайтын деп армандайтын едік. Сол арманымыз орындалды. Енді Азаматтық қоғам және Дін істері министрлігі құрылғаннан бері Үкіметтік емес ұйымдар өз деректерін сол министрлік арқылы Әділет министрлігіне электрондық базаға тіркеп отырады», - деді «Халықаралық құқық қорғау орталығы» қоғамдық ұйымының президенті Жанділда ЖАҚЫПОВ.