Алматыда «Ұлы дала ойындары» фестивалі өтті

11.05.2018 17:11

Алматылық көкпаршылар топ жарды. Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған «Ұлы дала ойындары» фестивалінде ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Жүлде қоры 18 млн теңгені құраған шара «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында өтті.  Сайысқа қатысу үшін еліміздің әр облысынан спортшылар арнайы келді.

Биыл фестивальдің шымылдығын арнайы дайындалған каскадерлер шоуы ашты. Ат құлағында ойнаған шабандоздардың өнеріне келген қонақтар тәнті болды. Одан кейін көп күттірместен қыз қуу, теңге ілу мен жамбы ату сынды ұлттық спорт түрлері басталып кетті. Онда, әсіресе, ептілік мен мергендік аса маңызды рөл атқарады, дейді ұйымдастырушылар.

Бұл жарыста көкпар ойыны қонақтардың қызығушылығын оятты. Тартысты додада алматылық команда жеңімпаз атанды. Олар астаналық қарсыластарын  финалда 3:0 есебімен ұтты. Ал үшінші орынға Жамбыл облысының көкпаршылары жайғасты. 1000 метрлік ат жарыста «Мандарин» атты жүйрік озса, 21 шақырым болатын Аламан бәйгеде «Аманат» атты сәйгүлік бірінші келді. Одан бөлек, «Жорға жарыста»  «Көкжайлауы» атты жорға дес бермеді.

«Аламан бәйгенің өзінде бірінші орын 5 млн теңге, екінші орын 2,5 млн, үшінші орын 1,5 млн, төртінші орын 1 млн. Ұшқыр бәйгенің бірінші орын жүлдесі 250 мың теңге, жорға жарыстың бірінші орыны сыйақы қоры 1 млн теңге. Жылдан жылға бұл «Ұлы дала ойындары» фестивалі осы үшінші жылға кетті болып жатқанына. Бұл фестивальге қатысушылар саны күннен күнге артуда», - деді «Спорттық Алматы» бағдарламасының ұйымдастырушысы Айдос БАҒАШЕВ.

Салтанатты шара барысында фестиваль қонақтары өнер бұйымдары көрмесін тамашалап, саятшылардың құстарымен, аңшылыққа шығатын тазы иттермен таныс болды. Сонымен қатар, кез келген қонақ тоғызқұмалақ, асық ату ойнап, қошқар көтеру мен бағанаға шығудан сайысқа түсті.

«Соңғы уақытта елімізде ұлттық спорттың қайта жаңғыру кезеңі басталды деп айта аламын. Ресми мәлімет бойынша, елімізде 300 мыңнан тарта адам осы ұлтттық спорт түрлерімен кәдімгідей кәсіби айналысады. Алматының төрінде өтіп жатқан шара дәл осындай халыққа жақындату. Біздің дәстүрлі спортымызды халыққа етене қылу мақсатын көздеп отыр», - деді  Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат ЖАҚСЫБАЙ.

Алматыда жыл сайын 3000-нан астам түрлі дәрежедегі спорттық шаралар өтеді. Отан қорғаушылар күні мерекесінде ұйымдастырылған «Ұлы дала ойындары» қала тұрғындары арасында бұқаралық спортты, салауатты өмір салтын насихаттауға оң әсерін тигізуде.


Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы