|
26.01.2018 | 23:24
4720

Сақылдаған сары аязда сарбаздар қауіпке төтеп берді

Сақылдаған сары аязда сарбаздар қауіпке төтеп берді

Қаңтардың қақаған қысында «Кватар» елінен қауіп төніп, ентелеген жау шекара шебіне жақындады. Шеткі аумақты күштік құрылымдары арқылы өзіне қаратпақшы болған жаудың бетін қайтару үшін әскери бөлімдердің басшылары үш күннен бері қорғанудың қаракетін жасап, жанталасып жатыр. Сарбаздардың операцияны сәтті орындауы әскери басшылардың берген бұйрығына тікелей байланысты.

Кең даланы көлбей өтіп, шекара шебіне жақындаған көк жалаулы әскерлер  «кватарлықтар» болса, оларға қарсы қорғанудың қарекетін жасап, жанталасып жатқан қызыл тулы қару ұстағандар қазақ сарбаздары. Шындығында аты да, заты да жоқ, тек  балама түрде белгіленген «кватарлық» басқыншылардың  рөлі құрлық  әскери институттың офицерлеріне тиген.

«Мақсатымыз басқарма офицерлері және мына бөлімшедегі офицерлердің кәсіптік деңгейін арттыру. Кейінгі кездері жиі-жиі оқу-жаттығулар өткізіліп, дәлірек айтсақ мына құжаттармен жұмыс жасау, сол арқылы  іс-тәжірибе жүзіне көшу», - деді  Десанттық шабуылдаушы әскерлер басқармасы тәрбие және идеология бөлімінің басшысы, подполковник Талғат ӨЗЕЙХАН.

Екі әскери лагерге бөлінген офицерлер шабуыл жасау жоспарларын бір-біріне білдіртпейді. Қадам сайын қүзет қойылған. Сақылдаған сарышұнақ аязда төрт күннен бері көлік пен шатырда түнеп, тойтарыс берудің жоспарын құра жанталаса жүгіріп жүрген жігіттер, «сарбаздар шығынын  азайта отырып, операцияның сәтті орындалуы құпияның сақталуына тікелей байланысты»,  дейді.  

Құпия кеңес құруға ауыр артиллерия, танк, әуе шабуылы, десантшылар, құрлық әскерлерінің басшылары қатысқан. Қарулы күштің құрамын сақтау мен шабуылдың нәтижелі болуы сарбаздардың көзсіз ерлігі ғана емес, қолбасшылардың күрделі жағдайдан шығуға қарым-қабілетінің жетуі жеңіске жол бастайды.

«Ұрыс қимылын ұйымдастыру үшін біріншіден, офицерлер құрамы білімді болуы керек. Екіншіден, сол білімді іс, тәжірибе жүзіне асыра білу қажет. Үшіншісі, әскерді басқара білу. Біз өзіміздің қарсыласты жақсы білуіміз қажет. Барлаудың нәтижесі. Оларды анықтаудың нәтижесі. Қару-жарақтары, құрылымдары. Жеңіске жету үшін әскерді моральді -психологиялық тұрғыдан дайындауымыз қажет», - деді  құрлық әскерлері әскери институтының аға оқытушысы, полковник Нұрлан ҚАСЫМОВ.

Туған жер¬дің тыныштығын күзетіп, тәуелсіздік туын тік ұстауды міндет қып алған әскерилердің қағазға түсірген қабілеттерін қолбасшылар анықтайды. Жасанды жауға қарсы жоспар құрып, шабуылдауды құжат жүзінде жүргізген офицерлердің қандай әдіс, тәсіл қолданғандары сол қалпы  құпия  күйінде қалды. Ал жоспар бойынша шабуылға шыққан сарбаздар барша ел білетін автоматтарын атудан арыға бара алмады.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир