СДУ мен "Алматы" телеарнасы ұйымдастырған конкурстың жеңімпазы грантқа ие болды

17.05.2018 00:45

«Журналист болғым келеді» тақырыбына жазылған үздік шығарманың иесі анықталды. Бұған дейін Сүлейман Демирел университетінің білім грантын жеңіп алу үшін болашақ талапкерлерге конкурс жарияланған еді. Байқаудың екінші кезеңінде үміткерлер комиссия мүшелерімен кездесіп, еркін сұхбат өткізді. Сүлейман Демирел университетінің білім грантына кім ие болды?

Байқау финалистерінің жүздерінен қобалжу байқалмайды. Тек сәл шыдамдылық танытып, университет қабырғасында кімнің тегін білім алатынын білу ғана қалды. Мектеп бітіруші түлектерден 348 эссе келіп түскенде, ұйымдастырушылардың өздері таңдай қаққан.  Қатысушылар еліміздің түкпір-түкпірінен келген. Әділқазылар алқасы алдымен шығармалардың арасынан 23-ін іріктепті.

«Түлектер тарапынан осынша адам қатысады деп ойлаған емеспіз. Жүз шақты адам қатысады деп пайымдаған едік. Дегенмен «Алматы» телеарнасының деңгейі мен атқарған жарнамалау жұмыстары бұл мамандыққа деген сұраныстың бар екендігін дәлелдеді», - деді Сүлейман Демирел университетінің ректоры Қанат ҚОЖАХМЕТ.

Қатарластарынан оқ бойы оза шапқан астаналық оқушы Лесқали Аружан университеттің білім грантына ие болды. Комиссия мүшелерінің көңілінен шыққан ол эссені болашақ қызының атынан жазып, ерек деп танылған.

«Үш апта бойы ойланып, толғанып, жүрегімдегінің барлығын шығарып, ерекше жеткізіп, эссемді жібердім. Тақырыбы: Журналист болғым келеді. Кез келген сұраққа мардымды және нақты жауап бере алу, ол - журналисттің басты қасиеті», - деді байқау жеңімпазы Аружан ЛЕСҚАЛИ.

Байқау финалистеріне сертификаттар табысталса, екінші және үшінші орын иелегендерге бағалы сыйлықтар берілді. Университеттің білім грантын жеңіп алған болашақ маман «Алматы» телеарнасында тәжірибесін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін шыңдай алады. Айта кетейік, бұл Сүлейман Демирел университеті мен «Алматы» арнасының алғашқы бірлескен жобасы емес. Қыркүйек айынан бастап, телеарна базасында журналистика академиясы өз жұмысын бастайды. Онда болашақ мамандар тілшілік өмірдің тіршілігін жан-жақты үйренетін болады.  

«Сүлейман Демирел университетімен біріге біз екі жобаны қолға алдық. Оның бірі осы байқау болса, екіншісі университеттің дуалды білім жүйесін пайдалануға бағытталған. Бұл Қазақстандағы жүзеге асырылғалы отырған бірінші жұмыс. Яғни, белім беру процесінің бір бөлігі университет қабырғасында, жартысы "Алматы" телеарнасының базасында жүзеге асады. Қыркүйек айынан бастап Журналистика академиясы өз жұмысын бастайды», - деді «Алматы» телеарнасының Бас директоры Әлібек ӘЛДЕНЕЙ.

Ұйымдастырушылар «Журналист болғым келеді» байқауын дәстүрге айналдырмақ ниетте. Оған байқауға үміткерлердің көп болуы себеп болған.  Айта кетейік, биылғы шара қазақ телевизиясының 60 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.


Азамат Әуезхан, Нұрбол Әбдікерімов, «Алматы» телеарнасы


Теги: СДУ