Қостанай облысында нәрестелер өлімі төмендемей тұр. Алматы қаласы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының келтірген деректеріне сүйенсек, Қостанай облысындағы көрсеткіш 2017-ші жылғы көрсеткіштен азаймапты. Яғни, бұл облыстағы нәрестелер өлімі 13,5 пайызды құраған.
Республика көлемінде балалар өлімі деңгейінің төмендегеніне қарамастан, өсу беталысы бар Солтүстік Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысы болып отыр. Алайда орталық мамандары осы жылдың алғашқы жартысында нәрестелер өлімінің көрсеткіші екі жарым пайызға төмендегенін айтуда.
«Балалар өлім-жітімінің көрсеткіші өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5,8 пайызға төмендеп 9,8 пайызды құрады. Былтыр 10,4 пайызды көрсеткен еді. Бірақ түрлі жағдаймен, оның ішінде, босанудан алған жарақат салдарынан болатын нәрестелердің өлімі алаңдатып отыр. Мұның барлығы медициналық көмектің жеткіліксіздігін білдіреді», – деді Алматы қаласы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза БОРАНБАЕВА.
Дегенмен, республикалық орталықтарда шетелдік мамандардың қатысуымен түрлі шеберлік сағаттары өткізілуде. Медициналық мекемелердің материалдық техникасы жаңартылып жатыр. Алғашқы жартыжылдықта ел көлемінде балалардың медициналық орындарына 1 мың 129 медқұрал сатып алынған.