Біздің арнадан берілетін «Ақшам алаң» бағдарламасында көтерілген тақырыпқа қатысты еліміздің Білім және ғылым министрлігі сұхбат берді. Жаңа жобаның кешегі санында «Ғалымдардың шетелдік басылымдарға мақала жазу» жайы талқыға салынған еді. Ведомство қызметкерлері бұл министрлік бекіткен талаптардың бірі дейді. Айтуларынша, ғылыми еңбектерді импакт-факторлы журналдарға басу үшін ғалымдар жеке қаржысын жұмсамайды екен. Анығында ұлттық ғылыми кеңес таңдап алған үздік жобаларды шетелдік басылымдарға шығару үшін республикалық бюджеттен арнайы қаражат бөлетін көрінеді. Бірақ «Ақшам алаңға» келген тарихшы Хангелді Әбжанов «ғалымдар өз еңбектерін жеке ақшаларына жариялауға мәжбүр» деп күйінген болатын.
«Импакт-факторлы журналдарға отандық ғалымдардың озық еңбектерін жариялау керек деген талап бар. Ол министрмен бекітілген. Ғалымдар жасаған тың жобаларды анықтау үшін ұлттық ғылыми кеңес байқау ұйымдастырады. Конкурста үздік деп танылған жобалар шетелдік басылымдарда жарияланады. Ол үшін мемлекеттен арнайы қаражат бөлінеді», - деді ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің бас сарапшысы Кенжегүл БЕКИМОВА