Алматыда қыркүйек айының аяғына дейін 60 жаңа арт-нысан бой көтереді. Сәулетшілердің мәліметінше, жан-жануар мен адам мүсіндері, картина мен өзге де ескерткіштер қаланың барлық ауданында пайда болады. Алғашқы инсталляция орнатылып та қойған.
Абай даңғылы мен Қонаев көшесінің қиылысында самокат теуіп бара жатқан қызыл адам тұр. Бүгін Санкт-Петербургтан келген суретші, идея авторы Андрей Люблинский өз жұмыстары туралы айтып берді.
«Қаланың орталығына қойылған мүсін темірден жасалған. Нысан өзгеріп тұрады. Самокатта, көлікте және сигвеймен жүре алады. Неліктен бұл нысан өте танымал болды? Менің ойымша бұл аз шығын кеткен әрі есте қаларлық кейіпкер», – деді суретші, дизайнер Андрей ЛЮБЛИНСКИЙ.
Алдағы уақытта Алматы көшелерінде қаланың мыңжылдығын дәлелдейтін тиынның көшірмесін көре аласыздар. «Алматы-2» темір жол вокзалында түйе және жылқы кейпіндегі оригами бой көтереді. Одан бөлек, Алатау ауданында бірнеше тас бейнелер тұрғызылады.
Барлық 60 арт-нысанның қайда қойылатыны әзірге белгісіз. Мүсін авторларының арасында отандық және шетелдік дизайнерлер бар. Сәулетшілер жуырда Тимирязев көшесінде тиіннен бөлек, ұлулар пайда болатынын атап өтті.
«Ұлуды қалай орнатқан жөн? Тимирязев көшесінде велосипед жолағының жанына қойған дұрыс деп ойлаймын. Яғни ұлуды барлығы басып озса. Осылайша жылдамдықты сезіне алады», – дейді антрополог, ЮНЕСКО сарапшысы Евфрат ИМАМБЕК.