111 жыл бұрын салынған шіркеу қайта қалпына келтірілуде. Алматыдағы Вознесенский соборына күрделі жөндеу жұмыстары басталғалы жарты жыл болды. Ғимарат ағаштан салынғандықтан, оны қалыпқа келтіру құрылысшыларға оңайға соғып жатқан жоқ. Мұндай ауқымды жаңғырту бірінші рет болып жатыр,-дейді шіркеу протоиерейі.
Тұрғындарға кедергі келтірмес үшін шіркеудің іші 4 аймаққа бөлініп, жөнделіп жатыр. Жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде терезелер түгел ауыстырылып, қабырғадағы суреттердің 90 пайызы қайтадан салынып шығады. Тіпті, аспашамдарға дейін жерге түсіріліп, шаң-тозаңнан тазартылып қайта ілінеді.
«Жаңарту жұмыстарының басты мақсаты- соборды мейлінше 1907 жылы қалай салынды, сол нұсқасына ұқсату. Ешқандай өзгеріс болмайды, тек бар нәрсені сапалы материалдарды қолдана отырып жаңғыртамыз», - деді протоиерей Александр СУВОРОВ.
Қазір күрделі жөндеу жұмыстары шіркеудің ішінде, сыртында және шатырында жүріп жатыр. Бұдан кейін сылау, едендерді ауыстыру, электр желілерін жаңартуға кіріседі. Ал бояу жұмыстары күн жылынғанда басталады.
«Стакан, маковка дейтін элементтері бар. Олардың бәрін жаңа материалдан істедік. Қазіргі кезде куполдың ағаштарын ауыстырып, шашкілердің қояйын деп жатырмыз», - деді құрылыс аймағының жетекшісі Сәкен ӘЛПИЕВ.
Бір қызығы, шіркеуде 111 жыл шешілмеген крест те жөндеу жұмыстарының арқасында шешіліп, алтынмен қапталып, қазір қоймада кептіріліп жатыр. Және шіркеудің ішіндегі мына суреттердің барлығы қайтадан салынып шығады. Оны Ресейден арнайы шақырылған суретші өз қолымен, майлы бояумен салады. Ал күрделі жөндеу жұмыстары толығымен 2019 жылдың ортасында аяқталады деп жоспарлануда. Яғни, бір жарым жылдан соң шіркеудің тек іші ғана емес сырты да жаңа кейіпке еніп, осында келетін қала тұрғындары мен мегаполис қонақтарын қуантпақ.
Тоғжан Аман, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы