Алматыда жылу құбыры жарылып, бүтін бір ықшамаудан жылусыз отыр. Апатты жағдай таңғы сағат 7-лер шамасында болған. Істен шыққан құбырды жөндеуге жұмысшылар бірден жеткен. Жалпы 70 нысан ыстық судан ажыратылыпты. Оның ішінде мектеп пен балабақша бар. Қытымыр қыс қысқандықтан жоғары сынып оқушылары үйлеріне қайтарылған. Жылу энерго кешенінің өкілдері үйлердің жартысына жылу түске қарай берілгенін айтты.
«Апат Навои Жандосов, Береговой, Рысқұлбеков көшелерінің аралығында болды. Осы учаскені толық алғанда солтүстік-батыс жағындағы үйлерге түскі сағат 15.00-де жылу беріле бастады. Мамандар оны басқа жүйе арқылы қосқан. Ақау шыққан жерді тапқан соң, ол қалпына келтіріледі. Оны жасауға тырысамыз»,-деді «ЖЫЛУ ЭНЕРГО КЕШЕНІ» ресми өкілі, Ян ГИРИН.
Жарылған құбыр 1980 жылдары пайдалануға берілген. Сол уақыттан бері жөнделмепті. Жылу энерго кешенінің мамандары апатқа құбырдың ескіруі себеп болғанын алға тартуда.
«Немерелер бар, балалар бар. Оларға қарамасақ болмайды ғой. Суық болады әйтпесе. Кешке қарай дейін қоспаса труба қатады жарылады»,-деді Сержан МҮШІРОВ.