Алмалы ауданында тозығы жеткен 3 үй жөндеуден өткізіледі

06.02.2018 00:07

Алмалы ауданында биыл тозығы жеткен 3 үй жөндеуден өткізіледі. Олар Төле би мен Әуезов, Гоголь мен Наурызбай батыр және Жамбыл  мен Байзақов көшелерінің қиылысында орналасқан. Қазірдің өзінде құрылыс жұмысы басталып та кеткен. Одан бөлек, ауданда Дат саулетшісі Ян Гейл жобасы 10 көшеде жүзеге асырылады. Бұл туралы Алмалы ауданының әкімі Жасұлан Естенов тұрғындарға есеп беру кездесуінде айтты. Былтыр аудан мемлекеттік қазынаға 344,8 миллиард теңге пайда келтірген.  Сондай-ақ мұнда өндірілген өнім көлемі 3 пайызға артып, 135,6 миллиард теңгені құраған. Әкімнің қорытынды есебі осы жетістіктерді жіпке тізуден басталды. Биыл да ауданның жоспарлары көп.

«Осы жылдың бірінші тоқсанында ірі сауда және әкімшілік орталықтары ашылады. Олардың жалпы көлемі 104 мың шаршы метрді құрайды. Тартылған инвестиция мөлшері 32 миллиард теңге. Осы жобаларды іске асырудың арқасында 200 адам еңбекпен қамтылады», - деді  Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімі Жасұлан ЕСТЕНОВ.